Шымкент пен екі облыстың тұрғындары жер сілкінісін сезді

Жерасты дүмпуі Шымкент қаласы мен Түркістан және Жамбыл облыстарының бірқатар елді мекендерінде сезілген.

 istockphoto.com Бүгiн 2026, 19:18
Бүгiн 2026, 19:18
97
Фото: istockphoto.com

Қазақстан Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты Ұлттық сейсмологиялық зерттеулер және ақпарат ғылыми орталығының сейсмикалық станциялар желісі 27 маусым күні кешке жер сілкінісін тіркеді. 

Мамандардың мәліметінше, жерасты дүмпулері Астана уақытымен сағат 18:34-те тіркелген.

Есептік қарқындылығы Түркістан және Жамбыл облыстарының бірқатар елді мекенінде, сондай-ақ Шымкент қаласында 2 балл болды. Атап айтқанда, жер сілкінісі Жетісай, Сарыағаш, Шардара, Ленгір, Арыс, Тараз, Қаратау, Меркі және басқа да елді мекендердің тұрғындарына сезілген.

Сондай-ақ Мырзакент, Абай, Қазығұрт, Сайрам, Манкент, Ақсукент, Тұрар Рысқұлов, Темірлан, Шәуілдір, Шаян, Бауыржан Момышұлы, Сарыкемер, Аса және Құлан ауылдарында да жерасты дүмпулерінің қарқындылығы 2 балл болған.

Зардап шеккендер немесе қираған нысандар туралы ақпарат түскен жоқ.

Құтқарушылар жер сілкінісі кезінде мынадай 10 қарапайым ережені алдын ала есте сақтауға кеңес береді:

  • Сабыр сақтап, үрейге бой алдырмаңыз;

  • Дүмпу кезінде лифт пен баспалдақты пайдаланбаңыз;

  • Жиһаздан, терезеден және аспалы шамнан алыс тұрыңыз;

  • Сенімді әрі берік жерге паналаңыз. Егер жоғарғы қабатта болсаңыз, көтергіш қабырғалардың бұрышына орналасқан дұрыс;

  • Көпқабатты ғимаратта болсаңыз, дүмпу тоқтағаннан кейін ғана сыртқа шығыңыз;

  • Су, газ және электр қуатын өшіріңіз;

  • Алдын ала дайындалған төтенше жағдай сөмкесін өзіңізбен бірге алыңыз;

  • Электр желілерінен, ғимараттар мен ағаштардан алыс жүріңіз;

  • Қайталама жер сілкіністеріне дайын болыңыз;

  • Егде жастағы адамдарға және мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсетіңіз.

Наверх