Шымкент қаласында көшеге Қазақ радиосының аты берілді

18 Наурыз 2021, 18:32
1633
Бөлісу:
Шымкент қаласында көшеге Қазақ радиосының аты берілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақ радиосының 100 жылдық мерейтойына орай Шымкенттегі көшеге радио атауы берілді. Қазақ радиосы ұжымының ұсынысын қала әкімі Мұрат Әйтенов қолдап, қалалық мәслихат отырысында шешім қабылданды. Көшенің ұзындығы - 1900 метр. 

Бұл туралы «Қазақстан» РТРК АҚ баспасөз қызметі хабарлады.

Шымкент қаласында көшеге Қазақ радиосының аты берілді

Салтанатты ашылу рәсіміне арналған шараға Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан, сатирик, радио ардагері Көпен Әмірбек, радио ардагері Сауық Жақанова, «Қазақ радиолары» ЖШС Алматы студиясының жетекшісі Бақыт Жағыпарұлы, «Шалқар» радиосының директоры Болатбек Төлепберген және зиялы қауым өкілдері қатысты. 

Шымкент қаласында көшеге Қазақ радиосының аты берілді

Шымкент - радио атына көше беріп отырған еліміздегі алғашқы қала. 

Шымкент қаласының әкімі М.Әйтеновтің ұсынысымен, қалалық мәслихаттың хатшысы Бахадыр Нарымбетов бастаған депутаттардың қолдауымен «Қазақ радиосына» көше аты берілді. Бүгін Ассамблея залында «Шымкенттен сөйлеп тұрмыз» атты шағын концерт өтеді. Қазақ үнін 100 жылдан бері дархан даламызға жеткізіп келе жатқан «Қазақ радиосының» ғасырлық мерейтойы құтты болсын!, - деді қала әкімінің орынбасары Ш.Мұқан салтанатты рәсімде сөйлеген сөзінде.  

Сонымен қоса Қызылорда қаласынан да көшелердің біріне Қазақ радиосының аты берілді. Облыстық мәслихат шешімі жақын күндері Әділет басқармасынан тіркеуден өтіп, қаладағы бұрынғы «Саяхат-11» көшесі «Қазақ радиосы» көшесі болып қайта аталады. Қызылорда қаласындағы Қазақ радиосы көшесінің ұзындығы – 400 метр. Ұлттың үнжариясы еліміздің сол кездегі астанасы Ақмешіттен 1925 жылдары әуе толқынына шыққан.

Қазақ радиосы 1921 жылдың қазан айында ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының бастамасымен Орынбор қаласынан ақпарат тарата бастады. Радионың 100 жылдығын атап өту бойынша іс-шаралар жоспары бекіп, биыл жыл бойы рухани-мәдени жобалар жүзеге асады.

Өзгелердің жаңалығы