Шымкент шаруалары неге несие ала алмай отырғаны анықталды

Шымкент фермерлері жеңілдікпен несие ала алмай отыр.

 ©BAQ.KZ архиві/Бауыржан Жуасбаев Бүгiн 2026, 15:15
Бүгiн 2026, 15:15
94
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Бауыржан Жуасбаев

Сенатор Әлішер Сатвалдиев Шымкент қаласындағы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің жеңілдетілген несиеге қол жеткізе алмай отырғанын көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның сөзінше, «Береке» мен «Игілік» бағдарламаларының қазіргі талаптары қала жағдайында жұмыс істейтін шаруашылықтардың ерекшелігін ескермейді. Соның кесірінен көптеген шаруа мемлекеттік қолдау тетіктерін пайдалана алмай отыр.

Депутаттың айтуынша, бағдарламаларда қойылған негізгі шарттардың бірі – мегаполис аумағындағы фермерлер үшін орындалуы қиын талап. Атап айтқанда, белгілі бір көлемде ауыл шаруашылығы жерінің болуы қалалық жерде іс жүзінде мүмкін емес.

«Береке» және «Игілік» бағдарламаларының қолданыстағы талаптары қалалық форматтағы шаруашылықтардың ерекшеліктеріне толық сәйкес келмейді. Бұл талап ауылдық елді мекендер үшін мүмкін болғанымен, Шымкент қаласының ерекшеліктерін ескергенде көптеген кәсіпкерлер үшін орындалмайтын шартқа айналып отыр. Алайда аталған шаруашылықтар несиелік бағдарламалардың қолданыстағы талаптарына байланысты қажетті қаржыға қол жеткізе алмай отыр, - деді сенатор.

Осы мәселеге қатысты ол Үкіметке бірнеше сауал жолдады. Соның ішінде бағдарламалардың талаптарын республикалық маңызы бар қалаларға бейімдеп қайта қарау, жерге қатысты талаптарды жеңілдету, жемшөп базасы мен жерді жалға алу мүмкіндігін балама ретінде мойындау, сондай-ақ қаржыландырудың жекелеген тетіктерін қайта қарап, Шымкенттің агроөнеркәсіптік кешенін қолдауға бағытталған қосымша шараларды әзірлеу қажеттігін айтты.

Наверх