Шығыстың бренді күншығысқа аттанады

30 Маусым 2021, 17:33
4653
Бөлісу:
Шығыстың бренді күншығысқа аттанады
PHOTO
Фото: автордан

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Омарта өнімдерімен өзімізді ғана емес, өзге елдерді де қамтамасыз ететін өскемендік «Пасека» шаруашылығының өнімдері Жапонияға аттанбақ.

Шығыстың бренд өнімдерінің бірі – бал екені бесенеден бегілі. Бүгінде осындай шаруашылық түрін дамытып жатқан қожалықтар аймағымызда жоқ емес. Мұндай шаруашылықтардың бірі – Өскемен қаласында орналасқан «Пасека» омарта шаруашылығы. Сайт тілшісі бал өнімдерінің бір емес бірнеше түрін өндіру ісінде ел ішінде ғана емес, сонымен қатар шетелдерде де танымал шаруашылық басшысы Валерий Қасымбаевпен әңгімелесіп қайтты.

Тіршілігі қауырт қаланың іргесінде орналасқан бұл омартаның орналасқан жері өзгеше, өзіндік бір оазис. Шаруашылықтың Қарт Ертістің көк майса жағалауында орналасқанына бір емес бінеше ондаған жылдың жүзі болған. Бізді кіреберісте омарташылар әулетінің үшінші буыны - Алексей Қасымбаев қарсы алды. Шаруашылықтың шетіне іліне бал аралары гуілдеген ара ұяларын, олардан бал шайқап жатқан екі омарташыны көріп қалдық. Қолымызды сермеп, араның ашуына тимеуге кеңес берген Алексей бізді әрі қарай алып жүрді.

Шығыстың бренді күншығысқа аттанады

Қолдарыңызды сермемеңіздер. Бұл араның ашуын келтіреді. Жалпы, бүгін күннің райы да жаман емес. Демек, аралардың көңіл-күйі де жақсы деген сөз. Оның үстіне ауа райы жақсы болғандықтан аралардың бізге көңіл аударатын уақыты жоқ, бал жинаумен жүр, - деп жымиды Алексей Қасымбаев.

Бұл шаруашылық посткеңестік елдердің ішінде бірінші болып карантиндік бақылауы күрделі көрші Қытай Халық Республикасына бал өнімдерін саудаға шығарған омарталардың бірі болып келеді. Бүгінде омарта шаруашылығы сапалы бал өнімдерімен қатар, асыл тұқымды ара өсіріп, көрші елдерге омарта ұяларын экспорттауды да қолға алған. Атап айтсақ, шаруашылық бірнеше жыл қатарынан моңғолиялық омарташылармен тығыз байланыс орнатып, тәжірибе алмастыру жұмыстарын алға бастырған. Екі ел арасындағы келісімге орай, іргелес мемлекетке омарта ұяларын жіберуді бастаған «Пасека» шаруашылығы бұл істі қатарынан жеті жыл бойы жалғастырып келеді.

Маусым айының аяғын ала бал шайқау жұмыстары басталатынын айтқан Алексей, Моңғолияға аттанатын ара ұяларының бірнеше мың шарқырым жол жүріп барып, аралардың бірден бал тарту жұмыстарына кірісіп кетуі үшін барлық жағдайлардың жасалғанын алға тартты.

Біз көрші мемлекетке сегіз рамкалы ара ұяларын жібереміз. Бұл, межелі жерге жеткен кезде аралардың бірден бал тарту жұмыстарына кірісіп кетуі үшін істелген шаралар, - деді Алексей Қасымбаев.

Әлем елдерін жайлаған коронавирустық инфекция, оған қатысты қойылған карантиндік шектеулер аталған іске де өз әсерін тигізбей қойған жоқ. Өткен жылы, карантиндік шектеулер әсерінен омарта ұялары Моңғолияға жіберілмей қалған. Алайда, былтырғы шығынның есесін биыл жабуды ойлаған омарташылар жыл басынан бері көрші мемлекетке жіберілетін омарта ұяларының екінші кезегін дайындауды бастап кеткен екен.

Әулеттің үлкені Валерий Қасымбаев қандай қиын жағдай тумасын шаруашылық жұмысын тоқтатқан емес. Осындай құлшыныстың арқасында былтыр «Пасека» шаруашылығы еліміздегі ең үлкен марапаттың бірі – «Алтын сапа» мемлекеттік сыйлығына лайық деп танылған.

Шығыстың бренді күншығысқа аттанады

Моңғолиялық омарташылар бас кезінде балара ұяларын өздері алып кететін. Дегенмен, пандемия келген кезден бастап өзімізге жіберуге тура келуде. Бірінші кезекпен 900 ара ұясын жолдадық. Бүгінгі күні олар толықтай орнатылып, бал жинау жұмыстарына кірісіп кеткен болар. Моңғолиядан бастау алатын Енисейдің жоғарғы ағысында Хубсугул көлі орналасқан. Міне, нақты сол аймақ омарта шаруашылығын жүргізуге өте қолайлы, - дейді Валерий Қасымбаев.

Мемлекет тарапынан көрсетілетін субсидиялау жұмыстарынан да шеткері қалмаған бұл шаруашылық, соңғы жылдары билікпен арадағы әріптестікті нығайта түскен. Жалпы, Шығыс өңірі еліміздің омарта шаруашылығы бастау алған қайнар көзі десек артық айтпаған болармыз. Мұның дәлелі – 1959 жылы омарташылардың республикалық станциясының Өскемен қаласында ашылуы. Тәжірибесі мол мамандар топтасып, саланың ғылыми негізі қаланды. Өстіп, 70-жылдық тарихы толысқан сала соңғы жылдары жан-жақты қолдаудың арқасында өзіндік бір деңгейге жетті. Валерий Қасымбаев омарта ұяларының санын көбейтуге және бал араларын асылдандыруға байланысты берілетін субсидиялардың бүгінде омарташылар үшін ерекше қолдау болып отырғанын айтады.

Шығыстың бренді күншығысқа аттанады

Тәжірибе мен теорияны ұштастыру арқылы балдың бірнеше түрін дайындауға мүмкіндік алдық. Осылайша, өз өнімдерімізді Қытайға, АҚШ-қа, Біріккен Араб Әмірліктеріне, Кипр мен Польша Республикасына жолдауды жолға қойдық. Бұдан бөлек, Польшамен арадағы әріптестікті нығайтып, олардың бал қаптауға арналған құрылғыларын ел аумағында сататын дистрибьюторына айналдық. Мұның барлығы, ел Үкіметінің аталған елдермен байланыс орнатуы арқасында жүзеге асқан жұмыстар болды, - деді Валерий Қасымбаев.

Омарта шаруашылығының бал қаптайтын цехында балдың бірнеше түрі дайындалады. Қалай дегенмен, шығысқазақстандықтарды бал түрімен қызықтыру қиын екені белгілі. Дей тұрғанмен, «Пасека» омарташылары арнайы құрылғымен балдың бұл өңір үшін әлі де таңсық болып келетін түрі – бал-кремін дайындауды қолға алған. Дәмі де, түсі де басқа балдан бөлекше мұндай өнімді алдағы уақытта шаруа қожалығының бірегей брендіне айналдыру жоспарланған.

Шығыстың бренді күншығысқа аттанады

Бұдан бөлек, мұнда сүйегі сырқырайтын адамдарға арналған апитерапия әдісі кеңінен қолданыла бастады. Ол үшін омарта шаруашылығы ауамғында ағаш бөренелерден арнайы бөлме салынып, іші жайластырылған. Дертіне дауа іздеп келген науқастар ағаш пен балдың табиғи иісі аңқыған үй-жайда ұйықтап тұрса тынысы кеңіп, демікпесінен айығатыны сөзсіз. Ал, қақсаған жерін араға шақтырса, дерттің уы араның уытымен қайтып кетуі ықтимал.

Жалпы, кәсіптің табысты болуы ұрпақтар сабақтастығында жатыр деп ойлаймын. Мысалы менің анам Мәскеудің Скрябин ветеринарлық институтын тәмамаған соң Катонқарағайға келіп, әкем екеуі марал және омарта шаруашылықтарын қатар алып жүрді. Олардан тәлім алған мен істі одан әрі жалғастырдым. Енді менің жолымды ұлдарым мен қыздарым, келіндерім мен күйеу балаларым жалғастыруда. Бұл жерде айтайын дегенім – әр ұрпақ әкеден қалған кәсіпті ары қарай жалғастырса, оған өзіндік жаңашылдық қосып, жаңа деңгейге жеткізеді. Өстіп, кәсіп әр ұрпақ сайын жақсарып, сапасымен қатар әкелетін табысы да арта түседі, - деді Валерий Қасымбаев.

Қоса кетсек, биыл күзге қарай еліміздің бренд өнімдерін насихаттайтын жаңа делегация Жапон еліне аттанбақ. Міне, осы делегация құрамына өз ұлы Алексейді қосуды ойлаған Валерий Қасымбаев, енді Алтайдың балын сакурасы гүлдейтін күншығыс еліне таныстырмақ ниетте.



Өзгелердің жаңалығы