Шығыста да коммуналдық желілер қаусап тұр

31 Қаңтар 2023, 10:43
847
Бөлісу:
Шығыста да коммуналдық желілер қаусап тұр
Фото: inbusiness.kz

Өңірдегі коммуналдық желілердің 76 пайыздан астамы толық тозған, қаусап тұр деп хабарлайды Шығыс Қазақстандағы BAQ.KZ тілшісі. 

Соңғы 4 жылда облыс бойынша жылумен, сумен, газбен қамтитын коммуналдық қызметтердің тарифі 18 пайызға қымбаттаса, су бұру қызметі керісінше 6 пайызға арзандаған. Бұл туралы Табиғи монополияларды реттеу комитеті Шығыс Қазақстан облыстық департаментінің басшысы Арман Мәлік мәлімдеді.

Ел Президенті былтырғы 1 қыркүйектегі Жолдауында елдегі электр энергиясымен қамтитын желілердің үштен екісі, жылу коммуникациясының 57 пайызы, су құбырларының жартысы тозғанын атаған-ды. 

Осыдан-ақ біраз жайтты аңғаруға болады. Тарифтерді күшпен ұстап тұрудың ақыры соның бәрін кезекпен өшіруге және түрлі апатты жағдайлардың туындауына әкеп соқтырады. Осының салдарынан азаматтардың денсаулығына және өміріне қауіп төнеді. Монополиялы нарықта «Тарифті инвестицияға айырбастау» деген жаңа тариф саясатына көшу керек. Желілер мен қуат көздерінің тозу деңгейін кемінде 15 пайызға азайту қажет. Тариф инфрақұрылымға қаржы салғаны және ашықтықты қамтамасыз етудің мемлекеттік мониторингі жүйесіне қатысқаны үшін беріледі, – деді Мемлекет басшысы. 

Сондай-ақ бүгінде облыста коммуналдық желілердің әбден тозуы, осы сала еңбеккерлерінің мардымсыз жалақы алуы, материалдар мен жабдықтардың қымбаттауы сынды түйткілді мәселелер бар. Департамент басшысының айтуынша, коммуналдық желілердің тозуы – 76,19 пайыз. Бұған қоса, облыстың коммуналдық саласында 8 мыңға жуық адам еңбек етсе, осы жұмыскерлердің жалақысы өңірдегі орташа еңбекақыдан 30 пайызға төмен.

Коммуналдық қызметтер тарифі жиі өспесе де, жөндеуге қажет материалдар мен жабдықтар үнемі қымбаттап отырады. Президент жүктеген тозу деңгейін 15 пайызға төмендету тапсырмасын орындау үшін біздің департамент монополистермен жұмыс жүргізіп жатыр. Атап айтқанда, тозығы жеткен желілерді қалпына келтіруге керек қаражат іздестіруге ден қойылған, – деді Табиғи монополияларды реттеу комитеті Шығыс Қазақстан облыстық департаментінің басшысы.

Осы ретте мемлекеттік орган тұтынушылардың да, табиғи монополиялар субъектілерінің де мүддесіне нұқсан келтірмейтін тариф әзірлеуде. Тариф мөлшері субъектілер беретін өтінімге байланысты болады, яғни аталған мәселе тұрғындарды, сарапшыларды тарта отырып мұқият зерделенетін болады. 

Осы орайда тарифтің ішіне желілердің тозуын төмендетуге бағытталған инвестиция ғана емес, сала еңбеккерлерінің жалақысын көбейту және субъектілерге балансқа берілген иесіз желілерге қызмет көрсету шығындары да енгізіледі, – деді департамент басшысы.

Атап өтсек, тарифтер мен инвестициялық бағдарламаларды бекіту алдында уәкілетті орган тыңдау өткізіп, онда тариф пен инвестициялық бағдарламаның жобасы тұтынушылар алдында қорғалады. Бұдан бөлек құрамына депутаттар, қоғамдық бірлестіктердің, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері енген комиссия сараптамалық кеңес өткізеді. Барлық рәсімдерді өткеннен кейін уәкілетті орган тарифті бекітеді. 

Өзгелердің жаңалығы