Шығыс Қазақстанда жұмыспен қамтитын жаңа жобалар қолға алынды

9 Наурыз 2022, 17:00
1988
Бөлісу:
Шығыс Қазақстанда жұмыспен қамтитын жаңа жобалар қолға алынды
Фото: автордан

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Биыл Шығыста ел тұрғындарын, әсіресе жастарды жұмыспен қамтуға бағытталған бірқатар тың жобалар қолға алынады.

Өткен жылдың қазан айында ел Үкіметінің қаулысымен бекітілген 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба алдағы төрт жыл бойы екі қолға бір күрек таппай сандалған халықты жұмыспен қамтуға бағытталмақ. Бұл жайлы Өскемен қалалық халықты жұмыспен қамту орталығының халықты уақытша жұмыспен қамту және оқыту бөлімінің басшысы Бейбіт Астанбаев хабарлады. Оның айтуынша, бұған дейін бұл бағыттағы жұмыстар «Нәтижeлi жұмыcпeн қaмтуды жәнe жaппaй кәciпкeрлiктi дaмытудың 2017-2021 жылдaрғa aрнaлғaн «Eңбeк» бaғдaрлaмacы шeңбeрiндe жүргізіліп келген. 

«Биылғы жылдың ақпан айында аталмыш жобаға байланысты хaлықты жұмыcпeн қaмтудың бeлceндi шаралары бойынша ережелер бекітілді. Кейбір бағдарламалардың атаулары өзгерсе, кейбіреулері сол қалпында қалды. Сондай-ақ, жаңа бағдарламалар қабылданып, бұрынғылары күшейтілді», – дейді Бейбіт Астанбаев.

Жұмысшы санына шектеу салынды

Үстіміздегі жылы «Қоғамдық жұмыстар» бағдарламасы да біраз өзгеріске ұшырады. Атап айтсақ, бұған дейін аталмыш бағдарламаға тілек білдірген кәсіпорындар жыл сайын қатысып келсе, бұдан былай жыл аралатып қатысатын болды. Сонымен қатар, қоғамдық жұмысқа жіберілетіндердің үлесі кәсіпорын жұмысшылары санының 40 пайызына тең болмақ. Яғни, ұйымда 10 адам болса, аталған бағдарламамен баратындар саны төрт адамды құрайды.

«Бұрын бұл бағдарлама бойынша жіберілетін жұмысшылар санына шектеу болмаған. Бұл уақытша жұмыс болғандықтан, біз өз тарапымыздан азаматты 12 айға жұмысқа жібереміз. Бір жылдан кейін кәсіпорын оны өзіне жұмысқа алуы керек. Атап айтсақ, мемлекет біріншіден осылайша жұмыссыз адамды бір жыл бойы жалақысы жақсы жұмыспен қамтыса, екіншіден кәсіпкердің қалтасына салмақ түсірмей, оның табысын жұмысшының жалақысына емес өз өндірісіне салуып, дамуына жағдай жасайды», – дейді Бейбіт Астанбаев.

Өстіп, жыл көлемінде жұмыс істеп үйренген жұмысшыларын кәсіпкер ары қарай тұрақты жұмыспен қамти алатын жайғдайға жетпек. Жалпы, аталмыш бағдарламаға барлық жұмыссыздар, каникулда жүрген студенттер және ата-анасының рұқсатымен жасы 16-дан асқан жоғары сынып оқушылары қатыса алады. Сонымен қатар, аталған бағдарлама өзгелерге қарағанда жалақысы ең жоғарысы болып табылады. Мысалы, былтыр оның мөлшері 79 мың теңге болса, биылдан бастап ол 102 мың теңгені құрап отыр. 

Халық санаттарын кеңінен қамтып, нәпақа табуына мүмкіндік беретін жобалардың бірі – «Әлеуметтік жұмыс орындары» жобасы. Бүгінде қатысу ұзақтығы 12 айдан аспайтын бағдарламаға мүгедектер, бас бостандығынан айыру орындарынан босағандар, пробациялық бақылауда тұрғандар, жалғызбасты аналар және қандастар қатыса алады. 

«Бағдарламаға ешқандай салық берешегі немесе жалақы қарызы жоқ кәсіпорындар ғана қатысады. Өйткені, олар жұмысшыға жалақы төлей алатындай дәрежеде болулары керек. Бұл жобаның өзгелерден өзгешелігі - оның жалақы төлеу әдісінде. Мысалы, аталған бағдарлама арқылы уақытша жұмысқа орналасқан адамның жалақысының 35 пайызы мемлекет тарапынан субсидияланып, оның мөлшері 20 айлық есептік көрсеткіштен, яғни 61260 теңгеден аспауы қажет», - дейді Бейбіт Астанбаев.

Жастар жұмыспен қамтылады

Қаңтар оқиғасынан кейін мемлекет басшысының ерекше назар аударған мәселелерінің бірі жастардың жұмыспен қамтылуы болды. Ол, халықтың осы санатын қамтитын мемлекеттік бағдарламаларға өзгерістер енгізу жөнінде баса айтты. Нәтижесінде бірқатар бағдарламалар өзгеріске ұшырап, қамтитын ауқымы ұлғая түсті. 

Атап айтсақ, осыған дейін мерзімі алты айды ғана құраған «Жастар практикасы» бағдарламасы биылдан бастап 12 айға ұзартылып, оның аясында төленетін айлық ақы 60 мың теңгеден 91 мың теңгеге дейін ұлғайды. 

«Ешқандай тәжірибесі жоқ жас маман үшін 91 890 теңге дегеніңіз жақсы жалақы. Тағы бір ерекшелік – кәсіпорын жас маманды ынталандыру мақсатында өз тарапынан да белгілі бір мөлшерде үстемақыларын төлей алады. Егер маманның әлеуеті, талабы, ынтасы мен білімі жоғары болса, мұндай жұмысшыға неге төлемеске?» – дейді Бейбіт Астанбаев.

Оның айтуынша, аталмыш бағдарламаға кейінгі үш жыл аралығында колледж, жоғары оқу орнын немесе магистратура тәмамдаған 29 жасқа дейінгі жастар қатыса алатын көрінеді.

Жастарды жұмыспен қамтуға арналған тағы бір игі жобалардың бірі – «Алғашқы жұмыс орны» жобасы. Екі жыл бұрын құрылып, былтырдан бастап қолданысқа енгізілген бұл бағдарлама аясында өткен жылы қала бойынша 26 жас жұмыспен қамтылған екен. 

«Президенттің тапсырмасына сәйкес, бұл жоба да биылдан бастап күшейтілді. Бұрын біз жұмыс берушімен 24 айға келісім-шарт жасасып, жалақының 12 айын мемлекет, 12 айын жұмыс берушінің өзі төлеп, тұрақты жұмысқа алып қалатын. Қазір бұл келісім-шарт 30 айға ұзартылып, жалақының 18 айын мемлекет төлесе, ары қарай жұмысшы тұрақты жұмысқа алынып, 12 айының жалақысын жұмыс беруші төлейді. Осы аралықта, жұмыс беруші жұмысшысын жұмыстан шығара алмайды», – дейді Бейбіт Астанбаев. 

Бұл бағдарлама негізінен, соңғы жылдары кеңінен қолданыла бастаған NEET санатындағы жастарға қолданылып жатқан көрінеді. Бұл санаттағы жастар не оқығысы, не жұмыс істегісі келмей жүрген азаматтар. 

«Қазірде ата-анасының, туған-туыстарының мойындарына отырып алып, күн көріп жүрген жастарымыз да баршылық. Осындай мысалдардың бірін айта кетейін. Бізге 23 жастағы бір жігіт келіп жүреді. Ата-анасынан ерте айырылып, әжесінің қолында еркелеп өскен ол қарт адамның зейнетақысына күн көріп, бар бітіретін жұмысы компьютер ойнау болып кеткен. Ұсынған жұмыстар ұнамай, қиналып істейді. Қазіргі уақытта Өскеменде осындай санаттағы 332 адам тіркелген. Міне, осындай жастарға аталған бағдарламаның берері мол», – дейді Бейбіт Астанбаев. 

Шыңыраудың шетінде жүрген осындай жастарды қалыпты өмірге оралтып, жұмыс өтілін қалыптастыруға бағытталған бағдарлама бойынша төленетін жалақы мөлшері де жаман емес. Бүгінде оның мөлшері 30 айлық есептік көрсеткішті, яғни 91890 теңгені құрайды.

Ұрпақтар сабақтастығы

Бүгінде бірқатар кәсіпорындарда жұмыс істейтін білікті мамандардың көпшілігі зейнеткерлік жасындағы және оған таяп қалған азаматтар екені белгілі. Өз ісін білетін әрі белгілі бір дәрежеде тұрақтылықты қалыптастырған тәжірибелі жұмысшыдан айырылу қай ұйымға болмасын ауыр тиетіні рас. Осы ретте, олардың орнын басатын жас маманға деген сұраныс күн санап артып келеді. Қазіргі уақытта тәжірибелі маман қалыптастыруға бағытталған бағдарламалардың бірі – «Ұрпақтар келісім-шарты» жобасы болып табылады. 

«Мысалы бір кәсіпорында тәжірибелі маманның зейнеткерлікке шығуына алты ай қалды делік. Осы кезде аталған ұйым бізге өзіне қандай бағыттағы маманның қажет екенін айтып, сұраныс береді. Біз, осындай маманды әлгі кәсіпорынға жолдаймыз. Осылайша, жастарымыз тәжірибелі маман зейнеткерлікке шыққанға дейін оның қасында көмекшісі болып, өз жұмысына машықтанады. Ал, мемлекет өз тарапынан аталған маманның алты ай бойы 91 мың теңге жалақы алып отыруын қамтамасыз етеді», – дейді Бейбіт Астанбаев. 

Мамандық саны көбеюі мүмкін

Биылдан бастап қомақты өзгеріске ұшырайтын жобалардың бірі - жұмыссыздарға арнап оқу орындарында кәсіптік оқыту кустарын ұйымдастыру жобасы болмақ. Атап айтсақ, өткен жылдары 19 жұмысшы мамандығы бойынша қайта даярлықтан өтіп келген жұмыссыздар биылдан бастап 28 мамандық түрін меңгеруге мүмкіндік алулары мүмкін. 

«Әзірге 28 мамандық түрін ұсынайық деп отырмыз. Аталған жобаның жақсы жағы, оны тәмамдаған мамандардың 100 пайыз жұмысқа орналасуы. Бізге жүгінген кәсіпорындармен келісім-шарт жасалып, өздеріне қажетті мамандықтар жайы айтылған соң, өз тарапымыздан осындай курстарды ұйымдастырамыз. Бұл әсіресе, кейбір бағыттары керексіз болып тоқтап қалған кәсіпорындар жұмысшыларын басқа мамандықтарға қайта даярлауда таптырмайтын құрал», – деп қосты Бейбіт Астанбаев.

Оның айтуынша, аталмыш курстардың ұзақтығы бір айдан алты айға дейін созылып, шәкіртақысы қоса төленетін көрінеді. Ал, курстарды жүргізетін оқу орындары аймақтық комиссиямен бекітіледі.

Аталмыш бағыттағы тағы бір өзгеріс – бұдан былай жұмыс беруші осындай қысқа мерзімдік оқыту курстарын өзінің жұмыс орнында ұйымдастыра алатындығы. Бұл өз кезегінде оқушының теория мен тәжірибені араластыра меңгеруіне мүмкіндік береді. Оған қоса, мұндай курстың оқушысы оқуын тәмамдағанға дейін мемлекет тарапынан 61260 теңге мөлшерінде жалақы алып отырады. 

Сөз соңында тоқтала кететін тағы бір игі бағдарлама - зейнет жасына таяған азаматтарды қолдауға бағытталған «Күміс жас» жобасы. 

«Бүгінде жасы келіп қалған азаматтардың жұмыс табуы қиынға соғып жатады. Сол себепті, биылдан бастап елімізде осындай санаттағы азаматтарды қолдауға бағытталған «Күміс жас» жобасы қолға алынды. Оның ерекшелігі – зейнет жасына екі жыл қалған адамдарды қамтуы. Яғни, жұмысқа орналастырылған азаматтың бір жылдық жалақысын мемлекет төлесе, қалған бір жылын жұмыс берушінің өзі төлейді. Ал, жалақы мөлшері 91 мың теңгені құрайды», – деп қосты Бейбіт Астанбаев.

Өзгелердің жаңалығы