Шығыс Қазақстан облысында 11 мектептің құрылысы жүріп жатыр

24 Тамыз 2023, 06:45
2218
Бөлісу:
Шығыс Қазақстан облысында 11 мектептің құрылысы жүріп жатыр
Фото: архив

Биыл ШҚО-да 4200 орындық 11 мектеп салынып жатыр. Оның ішінде жалпы сомасы 24,1 млрд теңгені құрайтын 7 мектеп «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында бой көтеруде.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз брифингінде ШҚО білім басқармасының басшысы Инесса Чернышева айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Өскеменде 1500 орындық 3 мектеп, Риддерде 600 орындық, Шемонаихада 300 орындық, Глубокое ауданына қарасты Опытное поле және Белоусовка ауылдарында 600 орындық 2 мектеп бой көтермек. Олар жоспар бойынша келесі жылы пайдалануға беріледі.

Сонымен қатар білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының қаражаты есебінен Өскеменде «Нұрлы жол» шағын ауданында 600 орынға арналған мектептің құрылысы жалғасуда. Ол 2023 жылдың желтоқсан айында салынып бітеді. Ал Зайсан қаласында 300 орындық жаңа мектептің құрылысы 2024 жылдың қыркүйек айында аяқталады деп күтілуде.

Жергілікті бюджет есебінен жалпы құны 2,5 млрд теңгені құрайтын 2 мектеп салынып жатыр: оның бірі – Тарбағатай ауданы, Шеңгелді ауылында 100 орындық және Алтай ауданы Жаңа Бұқтырма ауылында 200 орындық, – дейді ШҚО білім басқармасының басшысы.

Айта кетейік, 2023-2024 оқу жылында облыс бойынша 9 654 бала мектеп табалдырығын алғаш рет аттайды.

Өзгелердің жаңалығы