Шығыс Қазақстаның Бесқарағай ауданында ауқымды құрылыс жүргізіледі

6 Ақпан 2021, 20:24
2261
Бөлісу:
Шығыс Қазақстаның Бесқарағай ауданында ауқымды құрылыс жүргізіледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бесқарағай ауданында белсенді жастар үшін Жастар орталығы ашылып, екі пәтерлік 20 тұрғын үй салынады, деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі. 

Бесқарағай ауданының әкімі Шалқар Байбеков ауылдық елді мекендерді дамыту аясында аудандық бюджет есебінен Жастар орталығы үшін ғимарат сатып алу жоспарланғанын, сондай-ақ автобекет ашып, «Бесқарағай-Бозтал» және «Бесқарағай-Қоянбай» бағыттары бойынша ауданішілік маршруттар іске қосылатынын атап өтті.

Бұдан басқа, ауданда екі пәтерлі 20 үй салынады, Қарағайлы, Долон және Қарабас ауылдарында сумен жабдықтау бойынша үш жоба аяқталады. Глуховка, Жетіжар, Бөдене, Мостик және Ерназар ауылдарында су құбырларының құрылысы басталады. 12 көшенің орташа жөндеуі аяқталып, алты көшеге жарық орнатылады. Мостик және Қоянбай ауылдары ұялы байланыспен қамтамасыз етіледі.

Өткен жылы «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында жалпы сомасы 73 млн теңгеге төрт жоба іске асырылды. Қара-Мырза, Мостик ауылдарының мектептерінде 15 балаға арналған шағын орталықтар ашылды, – деді Бесқарағай ауданының әкімі Шалқар Байбеков.
Сондай-ақ, өткен жылы аудан бойынша барлығы 28 ауылдық елді мекенінің 21-і орталықтандырылған сумен жабдықталды. Жалпы сомасы 40 млн теңгеге бес блокты-модульді станция орнатылды.

Айта кетейік, Бесқарағай ауданының 75 пайызы сумен қамтамасыз етілген.

Өзгелердің жаңалығы