Шығыс Қазақстанда 200 миллионға жуық ағаш отырғызылады

8 Маусым 2021, 17:00
2748
Бөлісу:
Шығыс Қазақстанда 200 миллионға жуық ағаш отырғызылады

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Алдағы бес жыл аралығында облыста 196,8 млн түп ағаш отырғызылады.

Бұл туралы Шығыс Қазақстан аймақтық коммуникациялар қызметінде Шығыс Қазақстан аумағында орманды молықтыру және орман өсіру жөніндегі 2021 - 2025 жылдарға арналған кешенді жоспардың іске асырылуы барысы туралы баспасөз мәслихатын ұйымдастырған ШҚО Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары Талғат Рахымжанов хабарлады. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік орман қорының аумағына 2 миллиард түп ағаш отырғызу туралы тапсырмасын орындау мақсатында табиғат қорғау және орман шаруашылығы қызметтері бірлесіп облыста орман алқаптарын ұлғайтуға және қалпына келтіруге бағытталған кешенді жоспар дайындады. Жоспарды орындау үшін алдағы бес жыл аралығында 40,6 мың гектар аумаққа 196,8 млн. түп түрлі ағаш отырғызу көзделуде. Ағаш отырғызуды облыстық әкімдікке қарасты 13 коммуналдық мекеме мен Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне қарасты бес табиғат қорғау бағытында жұмыс істейтін ұйым жүзеге асыратын болады, - деді Талғат Рахымжанов. 

Оның айтуынша, жоспарланған ағаш көшеттерінің 13 мың гектар аумаққа отырғызылатын 76 миллионын 13 коммуналдық мекеме отырғызса, 121,1 млн түп ағашты отырғызу Семей орманы, Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркі сияқты табиғат қорғау мекемелеріне тиесілі көрінеді. 

Негізінен шырша және қарағай сияқты ағаштар отырғызылатын болады. Бүгінгі күні Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында 198 гектар алқапта 790 мың түп ағаш отырғызылса, Семей орманы аумағында 15,1 млн түп үш жылдық қарағай ағашының көшеттері отырғызылып үлгерді, - деп қосты Талғат Рахымжанов. 

Отырғызылатын ағаш көшеттерінің Семей орманы аумағындағы арнайы тәлімбақтан алынатынын алға тартқан Талғат Рахымжанов, биылғы жылғы көктем мезгіліне қойылған 18,2 млн. ағаш көшетін отырғызу жоспарының басым бөлігінің орындалғанын атап өтті. Бұған қоса, күз мезгіліне қарай 300 гектар аумаққа 1,2 млн дана қарағай ағашының көшеттерін отырғызу жоспарланған. 

Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Арман Есентаевтың айтуынша, облыстық әкімдікке қарасты 13 орман шаруашылығына отырғызылатын ағаш көшеттерінің санын жыл сайын арттырып отыру туралы тапсырма берілген. Осылайша, аталған орман шаруашылықтары алдағы бес жыл аралығында 15 мың гектар аумақтың жасыл желегін жайқалтпақ. Бүгінгі күні 500 гектар алқапқа ағаш көшеттері отырғызылып та үлгерген екен. 

Негізгі жұмыстар тұқым жинау, топырақты дайындау, көшеттерді отырғызу және отырғызылған ағаштарды күтіп-бағу сияқты бөліктерден тұрады. Нақтылап айтсақ, 15 мың гектар алқапқа ағаш отырғызу үшін 13 тоннаға жуық біздің өңірде өсуге бейім ағаштардың тұқымы жиналады. Орман шаруашылықтарының аумағында орналасқан 17 тәлімбақ бізге қажетті ағаш көшеттерін өсіріп беруге қауқары толықтай жетеді, - деп қосты Арман Есентаев.

Өзгелердің жаңалығы