Burabike fest - 2019: Жаңақала аудандық ауруханасына қажетті құралдар жабдықтар сатып алынады

26 Тамыз 2019, 19:08
1556
Бөлісу:
Burabike fest - 2019: Жаңақала аудандық ауруханасына қажетті құралдар жабдықтар сатып алынады
VIDEO

Ақмола облысы, Бурабай, BAQ.KZ тілшісі.  Бұл туралы Burabike fest - 2019 спорттық музыкалық қайырымдылық фестивалінде БҚО Жаңақала аудандық ауруханасының бас дәрігері Шыңғыс Сәрсенғалиев хабарлады.

БҚО-дағы Жаңақала аудандық ауруханасы 45 орынға есептелген. Бүгінде аурухананың екі жансақтау палатасына  өкпені жасанды желдету аппараты, 5 санитарлық автокөлік, ЭКГ және КТГ аппараттары керек. Аурухана басшылығы қажет құрал жабдықтарды алуға көмек сұрап Болат Өтемұратов қорына шыққан.

«Осы жылдың ақпан айында Болат Өтемұратов қоры туралы интернет басылымдар арқылы біліп, бағдарламалық менеджерге телефонмен хабарластық. Маманның нұсқауымен қажетті құрал-жабдықтар бойынша негіздеме жасап, сұраныс қағаз өткіздік. Сол сұраныс қағазымызға сәйкес шілде айында қордың қызметкерлері келіп аудандық аурухананың жағдайымен, құрал-жабдықтардың бүгінгі күйімен танысып, фото-видео материалдар жинап, алып кетті. Шілде айының аяғына таман қордан республика көлемінде бес аурухананың бірі болып бенефициар ретінде өткеніміз туралы қуанышты жаңалық келді. Сонымен қатар, Burabike fest - 2019 спорттық музыкалық қайырымдылық фестиваліне келіп, өз көзіңізбен көріп, қатыссаңыздар деген шақырту алдық», - деді БҚО Жаңақала аудандық ауруханасының бас дәрігері Шыңғыс Сәрсенғалиев Burabike fest - 2019 спорттық музыкалық қайырымдылық фестивалінде.

Айта кетейік, Жаңақала ауданы Батыс Қазақстан облысының орталығынан өте қашықта, 250 шақырым қашықтықта орналасқан. Қызмет көрсететін аумағы 200 шақырым. Ауданда 8 ауылдық округ бар, осы ауылдық округтерде 5 дәрігерлік амбулатория және 3 фелдшерлік-акушерлік пункт қызмет көрсетеді. Қалыптасқан норматив бойынша әр ауылдық округтің өзінің санитарлық автокөліктері болуы шарт. Бүгінде олардың барлығында санитарлық автокөліктер болғанымен, әбден тозығы жеткен, жиі бұзыла береді.

Осы ретте, Шыңғыс Сәрсенғалиев  қордан аудандық арухана үшін арнайы сұратқан әр құрал жабдыққа кеңінен тоқталып өтті.

«Бірінші сұрағанымыз 5 дәрігерлік амбулаторияға санитарлық автокөліктерді сатып алу. Сонымен қатар, аудандық ауруханада ашылған екі жансақтау палатасына өкпені жасанды желдету аппаратын сұрадық. Бұл ауыр жағдайда түскен немесе отадан шыққан науқасқа реанимациялық процедураларды жүргізуге мүмкіндік береді. Бұдан басқа, жүректің жұмысын жасанды күш түсіру арқылы анықтауға мүмкіндік беретін веллоэргометр, ЭКГ және жүкті әйелдің құрсағындағы баланың жүрек соғысының қалыпты, қалыпты емес екененін анықтауға мүмкіндік беретін аппараттарды алып беруге өтініш жасадық», - дейді маман.

Сонымен қатар, ол аудандық аурухананың жоғы түгенделетініне қуанышты екенін жасырмай, меценаттарға ризашылығын білдірді.

«Бүгінде еліміз бойынша қаншама ауруханалардың бар екенін ескеретін болсақ, бес аурухананың қатарынан табылғанымызға қуаныштымыз. Осы қайырымдылық шарасынң қорытындысы бойынша түскен қаржының көлеміне қарай қор қызметкерлері қажетті құрал жабдықтарымызды алып береміз деп уәде етті. Қайырымдылық көрсетіп отырған барлық азаматтарға алғысымыз зор», - деп түйіндеді дәрігер.

Естеріңізге сала кетейік, Burabike Fest - 2019 спорттық-музыкалық фестивалінің қорытындысы бойынша 300,2 млн теңге қаржы жиналды. 



Видео: Кенжетай Ақсейітов

Өзгелердің жаңалығы