Шығыс Қазақстандағы кәсіби білім мекемелері жобалық қуатын толық пайдаланбауда

29 Қаңтар 2019, 17:59
2532
Бөлісу:
Шығыс Қазақстандағы кәсіби білім мекемелері жобалық қуатын толық пайдаланбауда

Өскемен, BAQ.KZ тілшісі. Шығыс Қазақстан облысының техникалық және кәсіби білім мекемелеріне жүргізілген скринингтік талдау колледждер жұмыстарында бірқатар кемшіліктердің орын алғанын анықтады. Белгілі болғандай, 71 колледждің 9-ы ғана толық жобалық қуатымен жұмыс істесе, 43 колледж жобалық қуатын тек 17-30 процентке ғана қолданатыны анықталды.

Мысалға алып қарасақ, аталмыш көрсеткіш бойынша ең төменгі деңгей «Күршім колледжіне» тән. Ал «Зырян ауылшаруашылығы колледжі» мен «Бородулиха колледжі» де соңғы екі жылда түлектердің жұмысқа орналасуы 50 пайыздан аспаған. Яғни аталмыш колледждердің түлектері жұмыс таба алмай, өңірдегі жұмыссыздар санын көбейткен.

Аталған мәселені қалыпқа келтіріп, жұмыс берушілерді білікті кадрлармен қамтамасыз ету үшін облыстық Кәсіпкерлер палатасы бір мамандықтарды даярлайтын 9 колледжді біріктіріп, жұмысын үйлестіруді, сондай-ақ ұзақ мерзімді оқуды қысқартып, білім алушыларды кәсіпорындардағы оқу курстарына дайындыққа жіберуді ұсынды.

«Бұл жұмыс берушілер үшін де маңызды. Колледжде білім алу үш жылға созылады, ал оқу орталықтарында оның мерзімі 3 ай. Жұмыс беруші өзіне қажетті кадрлардың қысқа мерзімде даяр болуын қалайды. Осы себепті біз колледждердегі бірқатар жұмысшы мамандықтары бойынша даярлық мерзімін қысқартуды ұсындық. Бұл өз кезегінде мемлекет шығынын да азайтады. Егер үш жылда бір маманды даярлауға бюджеттен 1 миллион 650 мың теңге бөлінсе, үш айлық крустарда дайындау 165 мың теңгеге түседі», - дейді ШҚО Кәсіпкерлер палатасының директоры Игорь Шацкий.

Ол колледж түлектерін өздері оқып шыққан мамандығы бойынша 1 жылдан кем емес уақыт өңірдегі кәсіпорындарда жұмыс істеуге міндеттеу кәсіптік білім беретін оқу ордалары беделін арттырмаса кемітпейтінін айтады.

Жалпы 2018 жылы облыстық кәсіпкерлер палатасының бастамасымен кәсіпорындар жанында мамандарды дайындау, қайта даярлау, біліктілігін арттыру бойынша 11 оқу орталығы құрылған екен. Оларда жалпы саны 417 адам оқыса, оның 351-і жұмыспен қамтылған. Бұдан бөлек, аталмыш оқу орталықтарының базасында әзірге облыста дайындалмайтын өсімдік майын өндіру аппаратшысы, мал сою цехының операторы, үй жануарлары кешендері мен мехнизацияланған фермалар операторы, ұн және жарма тарту өндірісінің аппаратшысы сияқты мамандарды даярлау да ұсынылды.

Бүгінгі таңда Шығыс Қазақстан облысында жұмыс істеп тұрған 86 колледждің 52-сі мемлекет меншігінде. Оларда білім алып жатқан 35 519 студенттің 18 799 грантпен және мемлекеттік тапсырыс арқылы оқитындар. 2018 жылы оқуын тәмамдаған 10 869 түлектің 6 025-і мемлекеттік тапсырыс негізінде оқығандар. Түлектердің 10 110-ы (93%), ал мемлекеттік тапсырыс бойынша оқуын тәмамдағандардың 7 774-і (79,2%) жұмыспен қамтылған.

Азамат ТЕМІРБЕКОВ


Өзгелердің жаңалығы