Шығыс Қазақстанда балық қорын ұлғайтудың тың бастамалары қолға алынды

22 Қаңтар 2019, 15:24
2087
Бөлісу:
Шығыс Қазақстанда балық қорын ұлғайтудың тың бастамалары қолға алынды

Өскемен, BAQ.KZ тілшісі. Шығыс Қазақстан облысында өткен жылдан бастап алпауыт су электр станциялары Ертіс өзенін балықтандыруды қолға алды. Іске қосылғалы бері игі іске бірде бір рет иілмеген аталмыш кәсіпорындардың бұл жұмысы жарты ғасыр уақыт ішіндегі алғашқы қадамы. Бұл жөнінде сайт тілшісіне ШҚО Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы Талғат Рахымжанов хабарлады.  

«Шығыс Қазақстандағы балық шаруашылығы жүргізілетін суқоймаларын балықтандыру Балық шаруашылығын дамыту жоспарына сәйкес, инспекцияның мемлекеттік инспекторларының, жергілікті атқарушы билік органдары өкілдерінің қатысуымен 2018 жылдың көктем және күз маусымдарында өңірдің өзен-көлдеріне шабақ жіберу шаралары жүргізілді. 2018 жылы облыстың халықаралық маңыздағы суқоймаларында тұқының, рипустың, аққайраңның 11,5 млн шабағы жіберілді», - дейді Талғат Рахымжанов

Бөлім басшысының айтуынша, еліміздің «Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану туралы» заңына сәйкес, өзен-көлдерде шаруашылық жүргізетін нысандар балық қорына тигізетін кері әсерінің орнын толтыруға міндетті екен. Атап айтсақ, жекеменшік кәсіпорындар өздерінің жеке қаражаттарына өздері пайдаланып отырған отырған өзен-көлдерді шабақтандыруы тиіс.

«Кеңестік кезеңде де қолға алынбаған жұмыс өткен жылы бастау алды. Қазіргі уақытта облыстық инспекцияның бастамасымен Өскемен және Шүлбі су электр станциялары өз есептерінен 11 миллион теңгеден астам қаражат қарастырып, Ертіс өзеніне тұқы балығының 451 мың шабағын жіберді», - деді Талғат Рахымжанов.

Азамат ТЕМІРБЕКОВ

 

 

Өзгелердің жаңалығы