ШҚО-дағы алты кәсіпорын экологиялық талапты орындамаған

ШҚО-дағы алты кәсіпорын шығарындыларды онлайн бақылау жүйесін әлі орнатпаған

 istockphoto.com 30 Қыркүйек 2026, 16:03
30 Қыркүйек 2026, 16:03
197
Фото: istockphoto.com

Шығыс Қазақстан облысында шығарындыларды автоматты түрде бақылауға міндетті 21 кәсіпорынның алтауы тиісті жүйені әлі енгізбеген. Олардың бірқатарына қатысты инспекторлық шаралар қабылданды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Экология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Ерболат Қожықов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Комитет мәліметінше, өңірдегі 21 кәсіпорын шығарындылар мониторингінің автоматтандырылған жүйесін орнатуға міндетті. Қазір оның 15-і жүйеге қосылып, деректерді онлайн режимде жіберіп отыр.

Шығыс Қазақстан облысында 21 кәсіпорында мониторингтің автоматтандырылған жүйесі болуы керек. Бүгінде олардың 15-і жүйені орнатып, деректерді онлайн режимде жіберіп отыр. Алтауы әлі орнатқан жоқ, – деді Ерболат Қожықов.

Жүйе неге орнатылмаған?

Талапты әлі орындамаған алты кәсіпорынның төртеуі коммуналдық салаға жатады. Олардың жүйеге қосылуы жылыту қазандықтарының жұмысы мен жылыту маусымына дайындыққа байланысты.

Қалған екеуі – «ВИЗОЛ» кәсіпорны мен машина жасау зауыты.

«ВИЗОЛ»-дың ісі сотқа жеткен

Ерболат Қожықовтың айтуынша, ведомство мамандары «ВИЗОЛ» кәсіпорнында тексеру жүргізіп, мониторингтің автоматтандырылған жүйесін орнату, іске қосу және деректерді жіберу жөнінде нұсқама берген.

Алайда кәсіпорын талаптарды орындамаған. Осыдан кейін комитет сотқа жүгінген. Комитет төрағасының сөзінше, сот ведомствоның талабын қанағаттандырған.

Машина жасау зауытына да нұсқама берілді

Машина жасау зауытына қатысты да инспекторлық шаралар қабылданып, автоматтандырылған мониторинг жүйесін орнату жөнінде нұсқама берілген. Ведомство кәсіпорынның талапты белгіленген мерзімде орындауын күтіп отыр.

Егер нұсқамада белгіленген мерзімде мониторингтің автоматтандырылған жүйесі енгізілмесе, тиісті міндеттемені орындату үшін сотқа дейінгі тәртіппен шара қолданамыз, – деді Ерболат Қожықов.

Экология және табиғи ресурстар министрлігі автоматтандырылған экологиялық мониторинг талаптары қолданылатын барлық кәсіпорынды жүйеге қосу жұмысын жалғастырып жатыр.

Айта кетейік, бұған дейін Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Ерболат Қожықов бүгінге дейін 48 кәсіпорынға әкімшілік айыппұл салынғанын және айыппұлдардың жалпы сомасы 38,1 млн теңгені құрағанын айтты.

Наверх