ШҚО-да тұмаудың эпидемиологиялық маусымы аяқталды

11 Наурыз 2020, 16:52
1724
Бөлісу:
ШҚО-да тұмаудың эпидемиологиялық маусымы аяқталды

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Шығыс Қазақстанда биылғы эпидемиологиялық маусымда 50 мыңнан астам тұрғын ЖРВЖ мен тұмауға шалдыққан.   

Бұл туралы ШҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті хабарлады. Құзырлы мекеме басшысының орынбасары Гүлайым Тағаеваның айтуынша облыс бойынша эпидемиялық маусымның басынан бастап, яғни 2019 жылдың 1 қазанынан 2020 жылдың 5 наурызы аралығында жіті респираторлық вирустық жұқпалармен және тұмаумен 50794 адам ауырған. 

Бұл көрсеткіш әр жүз мың адамға шаққанда аурушаңдық көрсеткіші 3681,4 адамды құрады деген сөз. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда адамдар арасындағы аурушаңдық деңгейі 5,8 пайызға жоғары болды. Жалпы ЖРВЖ-мен науқастанған азаматтардың 61,1 пайызы 14 жасқа дейінгі балалар болған. ЖРВЖ мен тұмаудың ауыр және өлім-жітім жағдайлары тіркелген жоқ, - деді Гүлайым Тағаева. 

Жауапты тұлғаның хабарлауынша, 2019-2020 жылдардағы эпидемиологиялық кезеңде тұмаудың А және В сияқты екі түрі таралған. Яғни, науқастар 77% жағдайда тұмаудың "В" түріне, ал 23% жағдайында А түріне шалдыққан. 

Эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру мақсатында ЖРВЖ аурушаңдығының деңгейіне күн сайын мониторинг жүргізу, жаппай және ойын-сауық іс-шараларын шектеу, ауруханаға келушілер санын шектеу, ЖРВЖ мен тұмаудың және олардың асқыну белгілері бар жүкті әйелдер мен 1 жасқа дейінгі сәбилерге медициналық көмекті бірінші кезекте көрсету сияқты және тағы басқа да іс-шаралар жүргізіліп жатыр, - деп қосты Гүлайым Тағаева.


Өзгелердің жаңалығы