ШҚО-да әлеуметтік маңызы бар тауарларға мониторинг тұрақты жүргізілуде

22 Қаңтар 2022, 11:05
1620
Бөлісу:
ШҚО-да әлеуметтік маңызы бар тауарларға мониторинг тұрақты жүргізілуде
PHOTO
Фото: автордан

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Өскеменде халық жиі тұтынатын әлеуметтік маңызы бар өнім түрлерінің бағасы мен сапасына мониторинг жүргізілді. 

Өңірдің Өскемен және Семей сынды екі ірі қаласында көпшілік жиі тұтынатын маңызы бар тауарлардың бағасын бірқалыпты деңгейде ұстауға бағытталған шаралардың бірі - Тұрақтандыру қоры өнімдерін сату. Бүгінде бұл Қор картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат сияқты көкөніс түрлері мен халық жиі тұтынатын қант, рожки, күріш, қарақұмық жармасы, күнбағыс майы және жұмыртқа өнімдерін белгілі бір шектік бағадан асырмай сауда сөрелеріне қойған. Соңғы бірнеше жыл көлемінде сатылып жатқан өнімдер бірде көпшіліктің көңілінен шықса, енді бірде шықпай жатады. Биыл да қарапайым халық тарапынан Тұрақтандыру қоры өнімдерінің сапасына деген көңіл толмаушылық жоқ емес. Тұтынушылар саудаланып жатқан картоптың ұсақ, пияздың шіріген, қырыққабаттың жарылған одан қалды Қордың сауда дүңгіршектерінде тауардың таусылып қалатынын айтуда. 

ШҚО-да әлеуметтік маңызы бар тауарларға мониторинг тұрақты жүргізілуде

Бағаны бақылап қайтты

Көпшіліктің шағымына орай «Шығыс – Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Маржан Бахыт бастаған мониторингтік топ Тұрақтандыру қорының Өскемен қаласындағы сауда дүңгіршектері мен меморандум аясында келісімге отырып, қор өнімдерін саудалайтын кәсіпкерлік нысандарын аралап қайтты. Ел айтса айтқандай екен. Көптеген сауда нысандарында қор өнімдері толық көлемде болмаса, енді біреулерінде кейбір тауарлардың бағасын көрсетпей әрі көпшіліктің көзіне елеусіз жерлерге орналастырып қойған. Оған қоса, барлығында дерлік тауардың сапасы мен жеткізілуіне қатысты ақпарат алуға мүмкіндік беретін қордың байланыс нөмірлері де ілінбеген. 

ШҚО-да әлеуметтік маңызы бар тауарларға мониторинг тұрақты жүргізілуде

Тұрақтандыру қоры өнімдерінің көпшілікке қолжетімді бағада саудалануы үшін облыстық бюджеттен белгілі бір мөлшерде айналым қаражаты салынған. Біз сатуда тұрған қор өнімдерін кез-келген уақытта тексере аламыз. Кейбір жағдайда тауардың уақытылы жеткізілуіне ауа райы жағдайы да кедергі болып жатады. Қазіргі уақытта қор өнімдерін кейбір аудан, қалалардағы меморандум аясында келісім жасасқан сауда нысандары да алып кетуді бастаған. Олар өз аумақтарында жол шығынан қосып, көкөністерді шамамен 85-90 теңге аралығында сатады. Көпшілік тарапынан картоптың, қырыққабаттың, пияздың сапасына деген шағымдар болған. Бірақ сатушылар оны жоққа шығарып отыр. Тұрақтандыру қорының павильондарында тауар бар. Бірақ, рожки, жұмыртқа сияқты өнімдер көзге көрінетін жерлерге орналастырылмаған, – дейді Маржан Бахыт.

ШҚО-да әлеуметтік маңызы бар тауарларға мониторинг тұрақты жүргізілуде

Жобалық кеңсе басшысының айтуынша, Тұрақтандыру қоры өнімдерін саудалайтын дүңгіршектерді жалға алып, Қордың арзан бағадағы өнімдерімен қатар өз тауарларын өткізіп, ісін өрге дөңгелентіп отырған кісіпкерлер арзан тауарды көбінесе елеусіз жерге орналастырып қоятын көрінеді. Қордың тауарлары басымдылыққа ие болып, жұртшылық көзіне бірден түсетін жерде орналасуы қажет екенін алға тартқан ол, тауардың сапасына қатысты шағым түсіруге болатын телефон нөмірлерінің де жазылмағанын атап өтті. 

ШҚО-да әлеуметтік маңызы бар тауарларға мониторинг тұрақты жүргізілуде

Тұтынушылар аталмыш нөмірге қоңырау шалу арқылы тауардың не себепті жеткізілмей жатқанын да біле алауы керек. Кейбіреулер бірнеше күн қатарынан келсе де сатушылар тауардың бітіп қалғанын немесе келмей жатқанын айтуы ықтимал. Тауар әкелініп, бірақ сатушылар оны басқа біреулерге қымбат бағаға сатып жіберулері де мүмкін ғой. Сол себепті осындай нөмір Тұрақтандыру қорының әр сауда нүктесінде болуы қажет. Сондай-ақ, сауда сөрелеріндегі Тұрақтандыру қорының өнімдері бір бөлек, бағалары жазылған жапсырмалардың бір бөлек тұруы көпшілікті шатыстырып қояды, – дейді Маржан Бахыт.

ШҚО-да әлеуметтік маңызы бар тауарларға мониторинг тұрақты жүргізілуде

Пайдасы шынымен жоқ па?

Дей тұрғанмен, кәсіпкерлер Тұрақтандыру қоры өнімдерін сатуда өздеріне түсетін пайданың жоқтығын алға тартуда. Керісінше шығынға батып жатырмыз деген олар мұны шіріген көкөністерді қайтару мүмкіндігінің жоқтығымен байланыстырады. 

Бізден көкөністердің шіріген қалдықтарын қайтарып алса пайдасы болар еді. Осы бағада сатып аламыз. Оның үстіне сауда орнын жалға алып отырмыз. Оның жалдаған ақысы бар. Сондықтан сауда өзін-өзі ақтауы керек, – дейді Тұрақтандыру қорымен меморандум аясында келісім шартқа отырған бір кәсіпкер.

Кейбір сауда нысандары Қор өнімдерінің тез таусылып қалмауы үшін тауардың бір адамға сатылатын шекті мөлшерін де белгілеп қойған. Мысалы, «Студенттер қалашығы» ауданындағы бір сауда нысанында ол әр адамға бір келіден деп белгіленсе, «Валентина» сауда үйінің маңындағы сауда дүңгіршегінде бес келіден деп көрсетілген. Бірақ, мұның талапқа қайшы келмейтінін алға тартқан «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының Мемлекеттік бағдарламамалар департаментінің директоры  Артем Демидов корпорация өнімді әр адамға бес келіден артық сатпау туралы арнайы шешімі бар екенін атап өтті. 

ШҚО-да әлеуметтік маңызы бар тауарларға мониторинг тұрақты жүргізілуде

Біз сауда орындарын жүйелі түрде тексеріп отырамыз. Кей жағдайда тауардың жеткізілмей қалатын кездері болады. Алайда, біз мұндай жағдайларды дер уақытында түзеп отыруға тырысамыз. Сауда павильондарын кәсіпкерлерге жалға беру схемасы әлі де болса жетілмеген. Кез-келген кәсіпкер бірінші кезекте сауданың пайдасын көргісі келеді. Ал, әлеуметтік маңызы бар тауар түрлерін сауда үстемесінсіз сататындықтан олар мұндай тауарларды көп мөлшерде алып қоюға тырыспайды. Осы себепті оларда қор болмайды. Ал біздің тарапымыздан бакалея өнімдерін жеткізіп беруге шектеу жоқ. Кәсіпкерлер бакалея өнімдерінің қорын жинақтау үшін 150-200 мың теңгедей қосымша қаражат құюлары қажет. Бұл біршама қаражат, – дейді Артем Демидов.

ШҚО-да әлеуметтік маңызы бар тауарларға мониторинг тұрақты жүргізілуде

Дегенмен, ол кәсіпкерлердің Тұрақтандыру қоры өнімдерін сатуда пайданың болмауына, тіптен шығынға батып жатуына байланысты шағымдарынның негізсіз екенін айтады. Өйткені, олар осындай әлеуметтік маңызы бар өнім түрлерін сатып, сауда нысандарына деген халықтың қызығушылығын арттыру арқылы өз саудаларын да қыздырып отыр. Кәсіпкерлердің бұл істен еш ұтылмайтынын, керісінше оның клиент жинауға септігін тигізетінін айтқан корпорация өкілі Қор өнімдерінің биыл алғаш рет сауда үстемесінсіз сатылып жатқанын атап өтті. 

ШҚО-да әлеуметтік маңызы бар тауарларға мониторинг тұрақты жүргізілуде

Бұзылған өнімдерді қайтару мәселесіне келер болсақ, оларды «Агрофирма «Приречное» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мамандары қосымша зерттеулер жүргізгеннен кейін бірақ қайтаруға болады. Бұған дейін, бізбен бір де бір кәсіпкер екі арадағы меморандум келісім-шартын тиімсіз деп өздігінен бұзған емес, – деп қосты Артем Демидов. 

ШҚО-да әлеуметтік маңызы бар тауарларға мониторинг тұрақты жүргізілуде

Жалпы айтқанда, Тұрақтандыру қорының әлеуметтік маңызы бар өнімдерін арзан бағада саудалауы қыспаққа алған қымбатшылықтың қарқынын біраз болса да азайтуға септігін тигізетін оңтайлы жүйе екені рас. Алайда, кейбір «пысық» кәсіпкерлердің арқасында халыққа қолжетімді бағада сатылуы қажет өнімдер сауда сөрелерінен жоғалып, я болмаса, көзге түспейтін жерлерге қойылуы, одан қалды сапасының жоғалуы тұтынушының жүйкесін жұқартады. Оның үстіне, бұл істе айналымға қарастыралған қаражат та аз емес - өңір бюджетінен бақандай үш миллиард теңге бөлінген. Дегенмен, ұйымдастырушылар әлі де болса жүйенің кемшін тұстарын жетілдіріп, өнімдердің тұтынушыға кедергісіз жеткізілуіне жағдай жасауға ниетті. 

Бүгінгі күні Тұрақтандыру қорының өнімдері келесі бағада саудалануда:

Картоп 82 тг/кг;

Сәбіз 82 тг/кг;

Пияз 82 тг/кг;

Қырыққабат 82 тг/кг;

Жұмыртқа 34 тг/дана;

Қант 305 тг/кг;

Рожки 200 тг/кг;

Күріш 235 тг/кг;

Күнбағыс майы 630 тг/л;

Қарақұмық жармасы 420 тг/кг.

Тұрақтандыру қоры өнімдерінің сапасы мен жеткізілуіне байланысты шағымдар болса, 8 778 474 69 35 WhatsApp нөміріне хабарласуға болады 

Өзгелердің жаңалығы