ШҚО-да 45 метр биіктіктегі көпірдің құрылысы аяқталуға жақын

Жобаға 150-ге жуық маман мен арнайы техника жұмылдырылған.

 Скриншот 20 Қыркүйек 2026, 21:50
20 Қыркүйек 2026, 21:50
107
Фото: Скриншот

Шығыс Қазақстан облысында Пихтовка өзені арқылы өтетін көпір құрылысының негізгі кезеңі аяқталды. Нысан Рахман қайнарларына апаратын бағытта орналасқан. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» компаниясы мәлім етті.

Көпірдің ұзындығы – 175 метр, ал жер бедерінен биіктігі 45 метрге дейін жетеді. Құрылым ұзындығы 24 метр болатын жеті аралық пен сегіз тіректен тұрады.

Құрылыс барысында барлық тірек тұрғызылып, соңғы, жетінші аралық орнатылды. Осылайша терең тау шатқалының екі жағы толық жалғанды. Жобаға 150-ге жуық маман мен арнайы техника жұмылдырылған.

Қазір нысанда қоршаулар мен парапеттер орнатылып, беткейлер нығайтылып жатыр. Көпірдің жүру бөлігіне асфальтбетон жамылғысын қыркүйектің соңына дейін төсеу жоспарланған.

Қалған жұмыстар мен қауіпсіздік шаралары аяқталғаннан кейін көпір көлік қозғалысына ашылады.

Наверх