ШҚО ауылдарын көктемгі су тасқыны ала бастады

29 Наурыз 2019, 10:05
4098
Бөлісу:
ШҚО ауылдарын көктемгі су тасқыны ала бастады

Алматы, BAQ.KZ. Шығыс Қазақстан облысындағы Бесқарағай ауданында су тасқыны басталды. Лай су екі үй мен көше бойын басып қалған. Бұл туралы өңірдегі ТЖД-ның баспасөз қызметі хабарлады.

«2019 жылдың ақпан және наурыз айларында жергілікті атқарушы органдар су тасқынының алдын алу үшін өзеннің жағалауына 2 шақырымдай жерге топырақ үйіндісін төкті. Алайда өзендегі судың бірден көтерілуінен үйіндінің төменгі қабатын жырып өткен, нәтижесінде су адамдар тұратын аумаққа қарай аққан», - делінген хабарламада.

Су тасқынынан зардап шекендерге уақытша пана берілген. Мотопомп аппаратының көмегімен 25 000 шаршы метр су сорылған. Аумақты судан арылту жұмыстары әлі де жалғасып жатыр.

«Құтқарушылар ауылдың солтүстік бөлігінде Куликов өзеніндегі судың мөлшерін азайту үшін 150 метрге дейінгі канал қазуда. Сонымен қатар, Ертіс өзеніндегі мұзды жару көзделіп отыр», - делінген хабарламада.

Күнның жылынуына байланысты облыстағы құтқарушылар күшейтілген жұмыс режиміне ауысқан.

2018 жылы облыстағы жағдай дәл осындай болған. ШҚО-дағы су тасқыны наурыз айында басталған. Өңірде ТЖ режимі жарияланған еді. ШҚО әкімі Даниал Ахметов су тасқынынан облысқа 3,2 млрд теңгенің шығыны келгенін мәлімдеген болатын.

Өзгелердің жаңалығы