ШҚО әкімі өңірдің халқы мен экономикалық жағдай туралы айтты

30 Қараша 2023, 13:32
517
Бөлісу:
ШҚО әкімі өңірдің халқы мен экономикалық жағдай туралы айтты
Фото: ОКҚ

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев өңірдің әлеуметтік - экономикалық жағдайы туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

ШҚО әкімінің дерегінше, өңір халқы - 728 мың адам. Оның 244 мыңы немесе 34%-ы ауыл халқы. Осы жылдың қорытындысы бойынша жалпы өңірлік өнім 4,4 трлн теңгеге жетеді, өсім 3%. ЖӨӨ–нің ең үлкен үлесі - өнеркәсіптік өндірісте 35%. Ауыл шаруашылығы - 8%, сауда - 16%, көлік және құрылыс – 5%.

Биыл облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері бойынша оң динамика қамтамасыз етіледі.
Өнеркәсіп өндірісінің қарқыны 9% - ға, ауыл шаруашылығы 5% - ға, негізгі капиталға инвестициялар 7% - ға, бөлшек тауар айналымы 8% - ға артады. Жұмыссыздық деңгейі - 4,6%. 30 мыңнан астам жұмыс орны құрылды. Оның 23 мыңы тұрақты орындар. Орташа айлық жалақы 18% - ға өсіп, 325 мың теңге болды, - деді Көшербаев ОКҚ-да өткен брифингте.

Сондай-ақ Көшербаев жыл басынан бері мемлекеттік бюджетке 420 млрд теңге салық түсті, оның ішінде республикалық бюджетке – 263,2, жергілікті бюджетке-156,3 млрд теңге түскенін атап өтті.

Биыл облыс бюджеті 496,4 млрд теңгені, оның ішінде меншікті кірістер – 166,6 ,трансферттер мен субвенциялар - 323,2 млрд теңге . Аймақ - субвенциялық. Бюджет шығыстарының жартысы әлеуметтік салаға - 243,4 млрд теңге , оның ішінде білім беру – 168,0 , денсаулық сақтау – 26,3, әлеуметтік қамсыздандыру – 27,5 , мәдениет, спорт – 21,7 млрд теңге көзделген. Айтарлықтай қаражат агроөнеркәсіптік кешенге - 36,1 млрд теңге және инфрақұрылымды дамытуға (жолдар, тұрғын үй, сумен жабдықтау, жылу)– 69,2 млрд теңге бағытталады, - дейді өңір басшысы.

Өзгелердің жаңалығы