Шпекбаев: Армия парасаттылықтың, тәртіп пен тазалықтың тірегі болуы керек

22 Қазан 2020, 20:20
1703
Бөлісу:
Шпекбаев: Армия парасаттылықтың, тәртіп пен тазалықтың тірегі болуы керек

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қорғаныс министрлігінің бастамасы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басшылығымен кездесу өтті. Негізгі күн тәртібі қарулы күштер қатарында жемқорлықтың алдын алу бағыты бойынша өзара іс-қимыл мәселелеріне бағытталған.

Іс-шараға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жанындағы қоғамдық консультативтік-кеңесші органдардың өкілдерімен қатар әскер түрлерінің бас қолбасшылары, өңірлік қолбасшылықтардың, әскер тектерінің қолбасшылары, жергілікті әскери басқару органдарының және әскери полицияның бастықтары қатысты.

Кездесуге қатысушыларға арнаған сөзінде Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев жасалған меморандум аясындағы кәсіби қолдау, тәжірибелік көмек және ынтымақтастық үшін Агенттікке алғысын білдірді.

Алик Шпекбаев жемқорлыққа қарсы бастамалардың іске асырылу барысын жария ете отырып, жеке жауапкершілік туралы нормалар аясында сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алуын әлсірететін басшыларға қатысты қағидаттық шешімдер қабылдаудың, жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдауларды сапалы орындаудың және мемлекеттік органның мәнмәтіні ескерілген өзіндік бастамаларды пысықтаудың маңыздылығын атап өтті.

Армия парасаттылықтың, тәртіп пен тазалықтың тірегі болуы керек. Орталық деңгейде осы бағытта қолдауға лайық маңызды қадамдар қабылдануда. Әскери бөлімдерде алдын алу шараларын күшейту талап етіледі. Сонымен қатар, озық технологияларды енгізе отыра, әскери бөлім қоғам алдында армияның тірегіне айналатын азаматтармен өзара әрекеттесудің үлгілі «терезесіне» айналуы керек. Бұл тұрғыда тұрмыстық жемқорлықтың алдын алу мақсатында мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру және цифрландыру мәселелеріне ерекше назар аудару қажет, – деп атап өтті Агенттік төрағасы.

Спикерлер еліміздің қорғаныс қабілетін қамтамасыз ету және мемлекетті сыртқы қатерлерден қорғаудың стратегиялық міндеттерін ескере отырып, жемқорлықтың алдын алу жалпы Қорғаныс министрлігі мен қарулы күштер қызметінде маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев ведомствода сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша ішкі қауіпсіздік функцияларымен басқарма құру туралы айтып берді. Ол әскери қызметке келісімшарт бойынша мемлекеттік, әскери қызметтен, арнайы және құқық қорғау органдарынан теріс себептермен босатылған тұлғалар қабылданбайтынын атап өтті.

Министрліктің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл комиссиясының жұмысы нормативтік құқықтық қорды талдауда және тәуекелдің «аймақтарын» анықтауда бастапқы нүкте болды. Әскери қызметке шақыру, мемлекеттік сатып алуды іске асыру, жеке құрамды тамақтандыру жұмысын ұйымдастыруды бақылау, күрделі құрылыс, тұрғын үйді бөлу салаларында және басқа да мәселелер бойынша 90-ға жуық ұсынымдар әзірленді.

Атап айтқанда, әскерге шақыруды кейінге қалдыруды ұсыну және одан босату бойынша екі мемлекеттік қызмет Электрондық үкімет порталы арқылы ашық көрсетілетін болады.

Қорғаныс министрлігі азаматтардың айрықша сеніміне ие. Қоғаммен кері байланыс деңгейін одан әрі арттыру мақсатында «Қарулы Күштер – Адалдық алаңы» жобасы аясында жергілікті әскери басқару органдарының мемлекеттік қызметтер көрсетуінің сервистік моделін қамтамасыз ету қажет, - деп атап өтті Арнайы мониторингтік топтың жетекшісі Айгүл Соловьева.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар бірлескен күш-жігерді ескере отырып, қорғаныс ведомствосындағы жемқорлық деңгейінің жалпы төмендеу трендін атап өтті. Әріптестікті нығайту аясында ағымдағы жылдың қараша айында жергілікті әскери басқару органдарында жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізу туралы бірлескен бұйрыққа қол қойылды.

Өзгелердің жаңалығы