Шомылу маусымы басталғалы бері Ақмола облысында 6 адам суға кетті

28 Маусым 2023, 11:35
816
Бөлісу:
Шомылу маусымы басталғалы бері Ақмола облысында 6 адам суға кетті
Фото: архив

Құтқарушылар көлге батып бара жатқан төрт туристі ажал аузынан аман алып қалды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ақмола облысындағы демалушылар ең көп келетін жердің бірі Шортанды-Бурабай курорттық аймағы. Мұнда жүз мыңдаған турист келіп кетеді. Сол себепті суда құтқару станциясының қызметкерлері жағалауда үздіксіз кезекшілік жасайды. Соның арқасында кейінгі жылдары бұл курортты өңірде адамдардың суға кету оқиғасы болмаған.

Демалушылармен профилактикалық жұмысты қызу жүргізіп жатырмыз. Оларға судағы қауіпсіздік шараларын жіті түсіндіреміз. Біз өзімізге бекітілген аумақтарды қадағалаймыз және көлде оқыс оқиғаға тап болған жандарды құтқарумен айналысамыз. Ондай жағдай ара-тұра болып тұрады, - дейді құтқарушы Әлихан Сатыбаев.

Көкшетау қаласы мен Бурабай, Зеренді аудандарындағы үлкен көлдерде 4 суда құтқару станциясы жұмыс істеп тұр. Шұғыл көмек көрсететін бөлімшелеріміз қандай жағдайға болсын үнемі дайын. Құтқарушылардың айтуынша, өңірдегі барлық су айдындарын қадағалау мүмкін емес. Сондықтан судағы қауіпсіздік ең алдымен адамдардың өздеріне байланысты.

Судағы қайғылы жағдайлар көбіне адамдардың дұрыс жүзе алмауынан болады. Содан кейін өз-өзіне өте қатты сеніп, алысқа жүзіп кетеді де жағаға қайта алмай қалады. Одан кейінгі орындарда ішімдік ішіп суға түсу, балаларды жағалауда қараусыз қалдыру сияқты келеңсіздіктер тұр. Құтқару жекетін кию керектігін көп жағдайда ескере бермейді, - дейді шұғыл құтқару отряды басшысының міндетін атқарушы Талғат Айтпаев.

Өңірде шомылуға арналған 80-нен астам арнайы орын жұмыс істеп тұр. Оның 17-сі коммуналдық, 64-і жекеменшік жағажай. Онда келушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларына волонтерлар да жұмылдырылған.

Өзгелердің жаңалығы