Шолу: Газ жарылуы қалыпқа айналды ма?

18 Сәуір 2023, 12:07
4066
Бөлісу:
Шолу: Газ жарылуы қалыпқа айналды ма?
PHOTO
Фото: BAQ.KZ

Газ баллоны несімен қауіпті? Жарылыс көбіне неден болады? Төтенше жағдайлар министрлігі апаттың алдын алып жатыр ма? Еліміздегі апатқа байланысты болған соңғы оқиғаларға шолу жасадық, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Газ неге жарылады?

Елімізде ескі әрі мерзімі өтіп кеткен газ баллоны көп. Оның бәрі арнайы нақты есепке алынбаған. Тұтынушылардың көбі кеңес заманынан қалған газ баллондарын пайдаланады. Баллондарды толтырған кезде бірнеше ереже сақтаған жөн. Әрине, оны сақтаушы компания міндетті түрде тексерістен өткізіп, жіті бақылауда ұстайды. Дегенмен, жеке компаниялар қауіпсіздіктен бұрын пайданы көздейді. Мәселен, газдың тек 80 пайызын баллонға құю керек. Баллонды пайдалану мерзімі 30 жылдан аспауға тиіс. Өкініштісі, газ баллонды көбіне ауылды елді мекендерде тұратын халық пайдаланып отыр.

Шолу: Газ жарылуы қалыпқа айналды ма?
Фото: ҚР ТЖМ баспасөз қызметі

Тексеру жұмыстары қалай жүргізіледі?

Бүгінгі таңда әкімдікке қарасты газ инспекциялары да өз міндеттерін дұрыс атқармай келеді. Салдарынан тілсіз жаудан зардап шегетіндер көбейген.

Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Нұрболат Дербісовтың айтуынша, бұл мәселе бойынша үнемі түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.

Жергілікті атқарушы органдарда «газ инспекциясы» құрылды. Соңғы кезде газдың жүргізу мәселесі бақылаусыз қалғандықтан, Төтенше жағдайлар министрлігі Үкіметке ұсыныс жіберіп, 2 жылдың көлемінде газ берілген жерлерде жұмыс жүргізеді, - деді Дербісов. 

Алайда, Төтенше жағдай қызметі кез келген тұрғын үйдің газ баллонын тексере алмайды. Себебі, Конституциялық заңға сәйкес, олар тек 28 метрден биік үйлерді ғана тексере алады. Министрліктің сөзінше, газ баллондардың жарылуы жөнінде арнайы статистикалық мәліметті жергілікті өңірлердегі газ инспекциялары жүргізеді. Кейде бұл қызметті тұрғын үйлердің инспекциялары атқарады.

Шолу: Газ жарылуы қалыпқа айналды ма?
Фото: ҚР ТЖМ баспасөз қызметі

Соңғы жылдары елімізде газ баллонының жарылуы жиілеген. Сондай қайғылы оқиғалар:

Теміртаудағы апат

Шолу: Газ жарылуы қалыпқа айналды ма?
Фото: ҚР ТЖМ баспасөз қызметі

2022 жылы 16 тамызда Теміртауда бес қабатты тұрғын үйде газ-ауа қоспасының тұтануы салдарынан үш пәтердің қабырғасы опырылып қалды.

Шолу: Газ жарылуы қалыпқа айналды ма?
Фото: ҚР ТЖМ баспасөз қызметі

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, қайғылы оқиға Теміртау қаласы, Металлургтер даңғылы, 5/2 мекенжайында болған.

Бес қабатты тұрғын үйдің үшінші қабатындағы пәтерде газ-ауа қоспасының шығуы салдарынан үшінші және төртінші қабаттар арасындағы №30, 34 пәтерлер мен екінші және үшінші қабаттар арасындағы №26, 30 пәтерлерде еден аралық опырылған. Үш пәтерге зақым келген, – делінген Қарағанды ​​облысы Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарламасында.

Ведомствоның хабарлауынша, подъездің барлық тұрғыны көшеге көшірілді: 53 адам, оның ішінде жетеуі бала.

Үш тұрғын мен 1989 жылы туған бір пәтер иесі зардап шегіп, олар Теміртау қалалық ауруханасына жатқызылды.

Талдықорғандағы жарылыс

Талдықорған қаласындағы «Жетісу» шағын ауданында көпқабатты үйдегі пәтерде жарылыс болды. Салдарынан 1954 жылғы ер адам қаза тапты.

Шолу: Газ жарылуы қалыпқа айналды ма?
Фото: Inform.kz

Тағы екі тұрғынды қалалық ТЖБ мамандары автосатымен төртінші қабаттан түсіріп алды. 30 адам қауіпсіз жерге шығарылды. Жалындаған отты сөндіруге ТЖД қызметкерлері, полиция және өзге де құрылымдардан 50-ден аса маман мен 16 техника жұмылдырылды. Бірлесіп атқарған жұмыс нәтижесінде өрттің шатырға және өзге пәтерге таралуына жол берілмеді, – делінген хабарламада.

Алдын ала болжам бойынша қайғылы оқиғаға 25 литрлік баллонның жарылып, газдың бөлмеге таралуы себеп болған.

Қарағандыдағы оқиға

Биыл Қарағандыда газ баллоны жарылды. Салдарынан 4 пәтер зардап шекті, екі адам ауруханаға жеткізілді. Оқиға 2023 жылғы 21 қаңтар күні сағат 18:51-де Қарағанды қаласындағы Щорс көшесі, 37-үйде болды.

Шолу: Газ жарылуы қалыпқа айналды ма?
Фото: tengrinews.kz

Екі қабатты тұрғын үйде газ баллоны жарылды (көлемі 5 л). Өрт болған жоқ. Жарылыс салдарынан №6 (2-қабатта) және ішінара №4, 5 (2-қабатта) және 3 (1-қабатта) пәтерлерде ағаш қабырғалар қирап, алдын ала болжам бойынша үйдің 36 шаршы метр алаңы бүлінді, - деп хабарлады Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен.

Жарылыс салдарынан 53 жастағы ер адам мен 54 жастағы әйел зардап шекті. Олар күйік жарақаттарымен Қарағанды қаласындағы облыстық медицина орталығына жатқызылды.

Елімізде тұрмыстық жағдайда газ баллондарын пайдалану ережелерін дұрыс сақтамағандықтан туындаған төтенше оқиғалар саны сиремей тұр.

Алматы

2022 жылы қазанда Алматы облысы, Іле ауданына қарасты "Жомарт" саяжайында әкесі мен үш сәбиі газдан уланып, қайтыс болды. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, үй иесі газ пешіне 25 литрлік газ баллонын өз қолымен қосып, ұйықтап қалған. Бұл уақытта марқұмның әйелі үйде болмаған. Ол түнгі ауысымда жұмыс істеп, таңертең үйіне оралғанда туғандарының денесін тапқан.

Шолу: Газ жарылуы қалыпқа айналды ма?
Фото: Stan.kz

Газдан улану қаупі

Жыл басынан бері елімізде 16 адам газдан уланып, көз жұмды. Олардың 28-і ауруханаға түсті. Қайғылы оқиғалардың алдын алу үшін құтқарушылар, жер үйлерді аралап, сақтық шараларын түсіндірді.

Шолу: Газ жарылуы қалыпқа айналды ма?
Фото: ҚР ТЖМ баспасөз қызметі

Ереже бұзған 5 жарым мың жағдай тіркелген

Қалалық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері былтыр тамыз айынан бері 7 мыңнан астам үйді аралап, ережені бұзған 5 жарым мың жағдай тіркеді.

Шолу: Газ жарылуы қалыпқа айналды ма?
Фото: ҚР ТЖМ баспасөз қызметі

Істен шыққан электр қондырғыларды қолданады. Ол да өртке әкелуі мүмкін. Жылыту пештеріне келетін болсақ, қысқа көп кездесетін жайт ол ақаулы пештер өртке әкелуі мүмкін және мұржалар уақытылы тазаланбағандықтан, бітеліп, түтін үйге кіріп, адамдар улануы мүмкін, - деді қалалық ТЖД Алматы ауданы Төтенше жағдайлар басқармасының аға инженері Әбіш Біржанов.

Жаңаөзендегі жарылыстың қорытындысы:

17 сәуірде таңғы сағат 5 шамасында Жаңаөзен қаласындағы екінші шағын ауданда екі кіреберістен тұратын 12 пәтерлі 2 қабатты тұрғын үйде алдын ала болжам бойынша газ жарылысы болды.

Шолу: Газ жарылуы қалыпқа айналды ма?
Фото: ҚР ТЖМ баспасөз қызметі

Салдарынан 150 шаршы метр кіреберіс қираған. Оқиға орнында өрт орын алған жоқ (үйдің жалпы ауданы 600 шаршы метр). Алдын ала мәлімет бойынша 11 адам зардап шеккен, олар медицина қызметкерлеріне тапсырылды.

Төтенше жағдайлар министрлігінің соңғы дерегі бойынша, құтқарушылар үйінділердің астынан аман қалған 4 адам мен төрт адамның денесін алып шықты. Қазіргі уақытта 6 адам ауруханада ем алып жатыр.

Шолу: Газ жарылуы қалыпқа айналды ма?
Фото: ҚР ТЖМ баспасөз қызметі

Төтенше жағдайлар қызметінің баспасөз қызметі жарылыстың шығу себебін былай түсіндірді.

Әуелде жарылыс газ баллонынан болды деген болжам тараған. Кейін ол үйге газ тартылғаны белгілі болды. Жарылыс табиғи газдан келді деген нұсқа қаралып жатыр. Яғни, газ құбырынан ақау шыққан болуы мүмкін, - деді ТЖҚ баспасөз қызметі.

Үйінділерді талдау бойынша жедел жұмыстарға 40-қа жуық бірлік және 350-ге жуық адам, соның ішінде кинологиялық есеп, Ұлттық ұланның әскери қызметшілері, жергілікті атқарушы органдар, жедел медициналық көмек, полиция, еріктілер жұмылдырылды.

Сағат 18.15-те барлық авариялық-құтқару және үйінділерді талдау жұмыстары аяқталды. Қазіргі уақытта Жаңаөзен қаласының әкімдігі комиссия құрды. Осы комиссия орын алған жарылыстың мән-жайын анықтап, келтірілген залалды анытайтын болады, – делінген ведомство хабарламасында.

Сақтық шаралары қандай?

Тұрмыстық газдың жарылуына жол бермеу мақсатында Төтенше жағдайлар департаменті газ аспаптарын пайдалану және оларға күтім жасау ережелерін мүлтіксіз сақтау туралы қанша ескертсе де, құлақ асар халық аз. Газ баллонын пайдаланғандар тек өз өміріне ғана емес, айналасындағылардың өміріне жауапты екенін ұмытпағаны абзал.

Шолу: Газ жарылуы қалыпқа айналды ма?
Фото: ҚР ТЖМ баспасөз қызметі

Назарларыңызға газ аспаптарын пайдалану және оларға күтім жасау ережелерін ұсынамыз:

1. Газ жабдықтарын орнатуды, жөндеуді білікті мамандарға тапсыру;

2. Газ баллонын желдетілетін жерде, тек тік күйде сақтаңыз;

3. Баллонды ауыстырмас бұрын, жаңа және пайдаланылған баллондардың крандары жабық екеніне көз жеткізіңіз;

4. Жақын жерде от, ыстық көмір, электр аспаптары қосылған кезде газ баллонын ауыстырудан аулақ болыңыз;

5. Пайдаланылмайтын баллондарды үй – жайдан тыс жерде сақтаңыз;

6. Үй – жайда газдың иісі пайда болған кезде газ беру кранын жабу, үй-жайды желдету үшін терезелер мен есіктерді дереу ашу, ашық отты пайдаланбау, электр және электр аспаптарын қоспау, телефон сымы мен розеткаларды тартып алу керек;

7. Егер жағдай бақылаудан шығып кетсе, өрт сөндірушілер мен құтқарушыларды шақыру үшін  «101» немесе «112» телефоны бойынша хабарласу керек.

Өзгелердің жаңалығы