Шолпан Каринова Менделеев олимпиадасына қатысушыларға сәттілік тіледі

1 Мамыр 2023, 12:14
1291
Бөлісу:
Шолпан Каринова Менделеев олимпиадасына қатысушыларға сәттілік тіледі
Фото: primeminister.kz

Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шолпан Каринова Халықаралық 57-ші Менделеев олимпиадасының қатысушыларына сәттілік тіледі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бүгін елордада Халықаралық 57-ші Менделеев олимпиадасы басталды.

Оған Ресей, Австрия, Сауд Арабиясы, Армения, Израиль, Өзбекстан және басқа да мемлекеттердің оқушылары қатысып жатыр.

Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шолпан Каринова олимпиаданың салтанатты ашылу рәсімінде қатысушыларға сәттілік тіледі.

Баршаңызды Қазақстанның төрінде қарсы алып отырғанымызға қуаныштымыз. Тағылымы терең, өнегесі өршіл, өрісі кең қазақ жеріне қош келдіңіздер. Сіздерді халықаралық олимпиада іс-шарасында ыстық ықыласпен қарсы алып, айрықша қуанышымызды білдіргіміз келеді, - деді вице-министрдің жарыстың ресми ашылуында сөйлеген сөзінде.

Оқу-ағарту министрлігі өкілі атап өткендей, қазақ елі тарихтың талай құндылықтарын, руханияттың баға жетпес мұраларын айшықтап, паш етіп келе жатыр.

Өздеріңіз көріп отырғандай, білімпаздар олимпиадасына қатысу біздің балаларымыз үшін үлкен мәртебе. Бүгін елімізде үлкен мереке – Қазақстан халқының бірлігі күні атап өтіліп жатыр. Елімізде бейбітшілік пен татулықта 100-ден аса этнос өмір сүріп жатыр, - деп айтты Шолпан Каринова.

Ол елімізде дарынды балаларды қолдау үшін барлық жағдай жасалып жатқанын атап өтті.

Елімізде ғылым, білім, мәдениетті дамытуға көп көңіл бөлініп отыр. Елімізде халықаралық зияткерлік олимпиадалардың жеңімпаздары 5 млн теңге (10 мың доллар) көлемінде ақшалай сыйақы алып, ешқандай конкурссыз еліміздің іргелі университеттеріне оқуға түсуге мүмкіндіктері бар. Біз әрі қарай да еліміздің болашағын дамыту бойынша іс-шараларды жүзеге асыруды жалғастырамыз. Біздің жеріміз әрбір қатысушыға өздерінің білімдерін және дарындарын толық көрсетуге мүмкіндік береді деген ойдамын. Сонымен қатар Қазақстан сіздер үшін ғылымға есік ашып, адамзаттың игілігі үшін жұмыс істеулеріңізге мүмкіндік береді деп үміттенемін, - деп оқушыларға сәттілік тіледі.

Олимпиада ұйымдастырушылары ретінде қабылдаушы тараптан Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі, Ресей тарапынан М. В. Ломоносов атындағы ММУ-нің химия факультеті мен Андрей Мельниченко атындағы қор.

Химия пәнінен өтіп жатқан жарыс 6 мамырға дейін жалғасатынын еске сала кетейік.

Өзгелердің жаңалығы