Нұр-Сұлтан,BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Мемлекет басшысының Жолдауы аясында Түркістан облысының дамуы туралы брифингте облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев мәлім етті.
Оның айтуынша , тәуелсіздік жылдарынадағы ең үлкен жетістік - газ, су, электр энергиясы секілді жүйелі мәселелердің шешімін табуы.
Жеке сектор дамыды, өнеркәсіптің құрылымы өзгерді, біз білетін қиын экономикалық кезең артта қалды. Шағын орта бизнесті айтатын болсақ, тәуелсіздік алған жылдары көптеген зауыттар тоқтап қалып, жұмысшылар жалақысыз қалғаннан кейін адамдарды жұмыспен қамту қажет болды. Нарықтық қоғамға өтіп, сауда және бизнес жасауға жол ашылды, -деді әкім.
Шөкеев мұның нәтижесінде кәсіпкерліктің саны 30 жылдың ішінде 1,4 млн-ға жетті. Басым бөлігі Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларынан кейін Түркістан өңірінде жұмыс істейтінін атап өтті.
Қолдау бағдарламалары арқасында облыстағы кәсіпкерлер 282 млрд теңгеге жеңілдетілген несие алды. 41,7 млрд теңгеге 310 жоба мақұлданып, жобалар саны бойынша өңірлер арасында көш бастады. Ал, әлеуметтік қолдау саласындағы реформалардың арқасында 30 жыл ішінде табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен халықтың үлесі тиісінше 60,9%-дан 10%-ға дейін қысқарды. Аз қамтылған отбасылар үшін 1997 жылы тұрғын үй көмегі, 2002 жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмек, 2006 жылдан бастап 18 жасқа дейінгі балаларға ай сайынғы жәрдемақы енгізілді. Біз өмірлік қиын жағдайдан шығу үшін еңбек белсенділігін ынталандыратын саясатқа көштік деп айтуға болады. Осылайша, жұмыссыздық деңгейі 14,3%-дан - 5,1%-ға дейін, ал жастар арасында 16,2%-дан 3,7%-ға төмендеді, -деді Түркістан облысының әкімі.