Шөкеев құрылысы жүріп жатқан ғимараттардағы жұмыс барысымен танысты

1 Ақпан 2022, 12:26
1107
Бөлісу:
Шөкеев құрылысы жүріп жатқан ғимараттардағы жұмыс барысымен танысты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевке «Отырар» мөлтек ауданындағы көпқабатты тұрғын үйлердің сәулеттік келбетін ретке келтіру жобасы таныстырылды. 

Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, жаңа ауданда 5 қабатты 36 тұрғын үй бой көтерген. Мұнда аллея бойын түнгі жарықтандыру жұмыстары жүргізіліп, ғимараттардың қабырғасына мурал салынады. Яссы көшесінің бойында желілік саябақ пен субұрқағы бар заманауи гүлзардың құрылысы жүргізіледі. 6 гектардан астам аумақ абаттандырылып, көгалдандырылады.

Түркістан қаласындағы құрылыс алаңдарын аралау барысында жаңа жобалармен танысқан облыс басшысы оларға түзетулер енгізіп, мақұлдады. Қолға алынған барлық жаңа жобалардың шаһардың бүгінгі келбетіне сай болу керектігін ескертті. Облыс әкімі, сондай-ақ 20 қабатты жаңа тұрғын үй кешені мен әкімшілік ғимараты бар 20 қабатты тұрғын үйдің құрылыс басында болды. Жұмыс барысын бақылап, мердігерлермен кездесті.

Облыстық полиция департаментінің жаңа ғимараты да аяқталуға жақын. 470 орынға арналған нысанның жалпы ауданы – 15 мың шаршы метр. Жоспар бойынша құрылыс биыл көктемде толық аяқталуы тиіс. 25 бригадаға арналған облыстық жедел көмек стансасын салу құрылысы да қарқынды. Медициналық мекеме биыл пайдалануға беріледі. Түркістандағы мұз сарайының құрылысы да Өмірзақ Шөкеевтің жіті бақылауында. Спорттық нысанның құрылысы биыл аяқталуы тиіс. Қысқы спорт түрлеріне арналған сарайдың құрылысы былтыр тамыз айында басталған. Жалпы жер аумағы 2 гектарға жуық, ғимараттың жалпы ауданы 5 мың шаршы метрден асады. Бұл ғимаратта қысқы спорт түрлері дамытылып, үйірмелер ашылады. Түркістан тарихында тұңғыш рет қысқы спортпен кәсіби түрде айналысуға мүмкіндік жасалады.

Өзгелердің жаңалығы