ШҚО-ның Үржар ауданындағы әуежайдың ұшу-қону жолағы ұзарады

13 Сәуір 2021, 10:48
2755
Бөлісу:
ШҚО-ның Үржар ауданындағы әуежайдың ұшу-қону жолағы ұзарады

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Жөндеуден соң Үржардағы әуежайдың ұшу-қону жолағы ұзарып, әуе кемелері тоқтайтын екі перрон салынады.

Үржар ауылындағы әуежайды қайта жаңғыртуға жалпы сомасы 4,7 млрд теңге қарастырылған. Жүргізілетін жөндеу жұмыстарының нәтижесінде ұшу-қону жолағын 2100 метрге ұзартып, 35 метрге енін кеңейтетін боламыз. Сонымен қатар екі әуе кемесін тұрақтатуға арналған перрон салынып, ұшақтардың бұрылатын жолдары қайта жаңартылатын болады, – деді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұржан Жұмәділов. 
Сондай-ақ, инфрақұрылымды дамытуға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында Өскемендегі әуежайды қайта жаңғыртуға бөлінген 10,1 млрд. теңге қаражаттың қалған бөлігі биыл игеріліп, жөндеу жұмыстары толық аяқталады. Осының нәтижесінде мұндағы ұшу-қону жолағы 2800 метрге ұзарып, ені 45 метрге кеңейеді. Бұған қоса, жарық сигналдары мен перррондардың жабыны жаңарып, әуежай барлық халықаралық стандарттарға сай болады. 

Бұдан бөлек, биыл облыстағы жергілікті маңыздағы жолдар мен елді мекендердің көшелерін жөндеуге және күтіп ұстауға 14,9 млрд теңге жұмсау көзделген. Бүгінде Бұқтырма суқоймасының үстіне көпір салуға бір миллиард теңге қарастырылса, оның 700 млн теңгесі республикалық, ал 300 млн. теңгесі облыстық бюджеттен бөлінеді. Бұдан бөлек, сәуір айында өткізілетін республикалық бюджетті нақтылау кезінде қосымша бес миллиард теңге бөлу туралы сұраным жолданған. 

Осы және республикалық бюджеттің елу де елу паритетті негізінде қатысуымен үстіміздегі жылы жалпы көлемі 137 шақырым жолды орташа жөндеуден өткізу көзделіп отыр. Оның ішінде 86 шақырымы облыстық маңыздағы жолдар болса, 51 шақырымы аудандық маңыздағы жолдар болмақ. Сонымен қатар өңірдің 34 елді мекеніндегі 165 шақырым көше желісі «Ауыл-Ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы арқылы орташа жөндеуден өткізіледі. 

Биыл республикалық және облыстық бюджеттен бөлінген қаражатқа «Үлкен Нарын-Күршім» автожолының - 11, «Мақаншы-Жалаңашкөл» автожолының - 20, «Аягөз-Қарауыл-Қайнар» автожолының - 11, «Омбы-Майқапшағай-Шілікті-Ақжар» - 20, «Күршім-Қалжыр» автожолының - 15, «Таврия-Каменка-Тройницкая» автожолының - 10, «Согрное-Барлық-Ақсу» автожолының - 14, «Күршім-Ақсуат-Жолнұсқау» автожолының - 27, «Семей-Курчатов» автожолының - 9 шақырымы орташа жөндеуден өткізіледі, – деп қосты Нұржан Жұмәділов. 

Басқарма басшысының хабарлауынша, аудан, қалалардың елді мекендеріндегі 191 шақырым көше желісін жөндеуге 7,4 млрд теңге қарастырылған. Соның ішінде «Ауыл-Ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы арқылы өңірдегі тірек ауылдардың көшелерін де орташа жөндеумен қамту қарастырылған. Жалпы алғанда, үстіміздегі жылы облысың 34 елді мекеннің 165 шақырымын осы бағдарлама арқылы жөндеу көзделген.



Өзгелердің жаңалығы