ШҚО-да сейсмикалық стансалар саны артады

2 Тамыз 2021, 18:50
3315
Бөлісу:
ШҚО-да сейсмикалық стансалар саны артады

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Облыста жер сілкінісінің алдын алуға мүмкіндік беретін сейсмикалық датчиктер орнатылмақ.

Шығыс Қазақстан облысының аумағы сейсмикалық аймаққа жататыны белгілі. Жыл сайын мұнда күші 2-ден 6 балға дейін жететін жер сілкіністері болып тұрады. Соңғы 10 жыл ішінде аймақта 22-ден астам рет жерасты дүмпуі тіркелген. Қуанышқа орай, адам шығыны мен құрылыс ғимараттарының қирауы болған жоқ. Бүгінгі күні өңірдің 17 ауданында сейсмикалық қауіптілігі жоғары 127 елді мекен орналасқан.

Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің төтенше жағдайлар комиссиясында осы мәселені көтеріп келе жатқанына бірнеше жылдың жүзі болды. 2019 жылы департаменттің қатысуымен Сейсмология институты 2020-2023 жылдарға арналған «Заманауи ғылыми-әдістемелік негізде Қазақстанның облыстары мен қала аумақтарының сейсмикалық қауіптілігін бағалау» мақсатты қаржыландыру бағдарламасын бекіткен болатын. Бұл бағдарлама аясында ел аумақтарын сейсмикалық аудандастыру бойынша карталар дайындалды.

Осыған орай облыстық Төтенше жағдайлар департаментінде Сейсмология институтының мамандарымен кездесу өткізілді. Кездесу барысында облыс аумағында кеңжолақты сейсмикалық бес датчик пен Өскемен аумағындағы күшті қозғалысты анықтайтын бес станса орнату жайы қарастырылды. Сейсмодатчиктер - жер қозғалысын тіркеп отыратын арнайы құрылғылар, - деді облыстық Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Дмитрий Титов.

Мұндай сейсмикалық стансаларды орнату кемінде үш жыл ішінде жер сілкіністері бойынша ақпарат жинап, ары қарай деректерді талдау үшін өте қажет. Ал Өскемен қаласын сейсмикалық микроаудандастыру бірінші кезекте белсенді тектоникалық жарықтарды анықтауға мүмкіндік береді. Тек негізді ақпараттар арқылы ғана облыс пен Өскемен қаласының сейсмикалық қауіптілігін анықтап, алдағы уақытта сәйкесінше құрылыстар жүргізуге болады.


Өзгелердің жаңалығы