ШҚО-да оқу жылы басталғалы 1037 оқушы КВИ жұқтырған

19 Қаңтар 2021, 17:01
1679
Бөлісу:
ШҚО-да оқу жылы басталғалы 1037 оқушы КВИ жұқтырған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Шығыс Қазақстан облысында 2020 жылғы 1 қыркүйек пен 2021 жылғы 18 қаңтар аралығында 1037 оқушы коронавирус инфекциясын жұқтырған. 

217 оқушы кезекші сыныптарда оқитындар, қалған 820-сы қашықтықтан білім алып жатқандар. 18 қаңтардағы ақпаратқа сәйкес, 1 037 оқушының 970-і қауіпті вирустан жазылып, қазір оқуын қайта жалғастыруда, - делінген хабарламада.

Мектеп қабырғасында COVID-19 вирусын жұқтырған оқушы анықталған жағдайда, санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес, мектептердегі коронавирус инфекциясының ошағы болып табылатын сыныптарға қашықтықтан оқытуға ауыстыру туралы қаулы шығарылды. Қауіпті вирус анықталған барлық мектепте эпидемияға қарсы санитариялық-дезинфекциялық іс-шаралар жүргізілді. 

ШҚО Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2021 жылғы 3 қаңтардағы №26-2 қаулысына сәйкес, 2020-2021 оқу жылының үшінші тоқсанынан бастап контингенті 300 оқушыға дейін қалалық және ауылдық мектептерде сыныптардағы балалар саны 15 адамға дейін дәстүрлі форматта оқуға рұқсат берілді.

Сыныптағы бала санын 15-тен асырмай, ата-аналардың өтініші бойынша жалпы білім беретін мектептерде 1-ден 5 (7) сыныпқа дейін қоса алғанда, кезекші сыныптардың оқуына рұқсат етілген.

Оқу бітіретін сыныптар (9, 11 (12) сыныптар) аптаның 6 күні ішінде аралас оқу қолданылады: пәндердің 70%-ын штаттық режимде, 30%-ын қашықтықтан оқу форматында жүзеге асырылады. 

Білім беру мекемесі әкімшілігінің шешімі бойынша сабақтан тыс уақытта 5 адамнан аспайтын топтарда оқушыларды жеке оқытуға рұқсат берілген.

Өзгелердің жаңалығы