Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Өңірде ауыл шаруашылығы кешенін қолдауға 22 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылды.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Владимир Гайламазянның айтуынша, биылғы жылдың қаңтар-сәуір айлары аралығында ауыл шаруашылығының жалпы ішкі өнімі 94 млрд теңгеге жуықтап, былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда өсім деңгейі 113 пайызға жеткен. Атап айтсақ, жыл басынан бері азық-түлік тауарларының өндірісі 62,5 млрд теңгені құраған. Мүйізді ірі қара мал саны 4,2 пайызға, жылқы – 8,3 пайызға, шошқа саны – 8 пайызға өссе, қой мен ешкі саны өткен жылғы деңгейде қалды.
Облыстың агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға 22,7 млрд теңге субсидия бөлінсе, оның 5,6 млрд теңгесі - өсімдік шаруашылығын, 8,8 млрд теңгесі - мал шаруашылығын, 5,8 млрд теңгесі инвестициялық субсидиялауға, 0,5 млрд теңгесі қайта өңдеу саласын қолдауға, ал 1,9 млрд теңгесі басқа субсидиялау бағыттары бойынша қарастырылды, - деді Владимир Гайламазян.Сондай-ақ, мал бордақылауға қатысты ақпаратқа егжей-тегжейлі тоқталған басқарма басшысы, келесі жылы өңірде жеті мың бас малды бордақылауға арналған 3 бордақылау алаңының салынатынын да атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі таңда облыста 92 мал бордақылау алаңы жұмыс істеп жатқан көрінеді. Қаңтар-сәуір айлары аралығында тірідей салмақта сатылған мал еті 65 мың тоннаға жеткен. Бұдан бөлек, облыс аумағындағы шаруашылықтар мен халықтан 234 мың тонна сүт жиналып, 40 млн дана құс жұмыртқасы сатылымға шығарылған. Оған қоса, 2021 жылы өңірде 219 мың бас ірі қараны асылдандыру жұмыстары қолға алынады.
Облыста тауарлы сүт өндіру ісі қарқын алып келеді. Бүгінгі күні облыста 67 сүт-тауарлы фермасы бар. Сонымен қатар алдағы уақытта облыс аумағында 1350 бас сиырды саууға арналған 3 сүт-тауарлы ферманы жаңадан салу және 680 бас сиырға арналған 2 ферманы қайта жөндеу жоспарланып отыр, – деді Владимир Гайламазян.
Жауапты тұлғаның айтуынша, бүгінгі таңда өңірде 63 сүт қабылдау пункті жұмыс істеп жатыр екен. Биыл осы сияқты тағы 5 пункт ашу жоспарланған.