ШҚО-да ауыл-аймақтардың туристік тартымдылығы дамиды

28 Сәуір 2021, 17:54
3134
Бөлісу:
ШҚО-да ауыл-аймақтардың туристік тартымдылығы дамиды

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Облыста ауыл-аймақтың туристік тартымдылығын арттыруға бағытталған жұмыстар қолға алынбақ.

Атап айтсақ, жақын арада Қазақстанның ғана емес, сондай-ақ өзге елдерден келген туристер де ерекше археологиялық ескерткішке жақын орналасқан Берел ауылындағы қонақүйлерде қоныстана алатын болады. Елімізде 2025 жылға дейін туристік саланы дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламаға сәйкес, ТОП-10 және ТОП-50 туристік аймақтардың тізімі жасалды. Осылайша, ТОП-50 қатарына Шығыс Қазақстан облысы бойынша Катонқарағай, Глубокое аудандары мен Марқакөл ауылы енді.

Облыстық туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Марат Қабақовтың айтуынша, экологиялық туризмді дамытуға ерекше көңіл бөлінген. Ал оны дамытудың негізгі құралы – ауыл туризмін дамыту. Сол себепті, қазіргі уақытта Катонқарағайдың Берел ауылында 15 қонақүй ашу жоспарланған.

Олардың бесеуі ауыл тұрғындарының жекеменшік үйлері болса, бесеуі мемлекет қаржысына келесі жылы салынатын болады. Жоспар аясында тұрғындарды ауыл туризмін ұйымдастырумен айналысып жүрген мамандардан тәлім алғызып, «Бастау Бизнес» жобасымен оқыту көзделген. Апта соңына дейін олар оқуларын бастайтын болады, - деді Марат Қабақов.

Берел ауылының тұрғындары сертификат алған соң «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында қайтарымсыз гранттарды алу конкурсына қатыса алады. Аталмыш қаражатты олар қосымша құрылғылар сатып алуға, түрлі жобаларды жүзеге асыруға қолданады.

Болжам бойынша келесі жылдан бастап өзіміздің және шетелдік туристерді қабылдай бастаймыз. Барлығы әлемді жайлаған індеттің беталысына байланысты болмақ. Ал Берел ауылындағы тәжірибе кейіндеп басқа аудандарда да қолданылады. Қонақүйлер жүйесі соңғы жылдары жақсы дамып жатқаны белгілі. Мысалы, Поперечное ауылында бұл бизнестің жолға қойылғанына бірнеше жылдың жүзі болды. Қазіргі уақытта Катонқарағай ауданының аумағында алты конақүй бар, - деді Марат Қабақов.

Қоса кетсек, алдағы маусым айында еліміздің туроператорларына арналған ірі ақпараттық тур ұйымдастырылып, туристерді Катонқарағай ауданына саяхаттату жөнінде арнайы меморандум бекітілмек.


Өзгелердің жаңалығы