ШҚО-да әлеуметтік серіктестікті нығайтатын келісімге қол қойылды

15 Сәуір 2021, 13:20
1603
Бөлісу:
ШҚО-да әлеуметтік серіктестікті нығайтатын келісімге қол қойылды

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Облыста әлеуметтік серіктестіктің, экономикалық және әлеуметтік саясаттың дамуына, халықтың жұмыспен қамтылуына, жұмысшының еңбегіне лайық жалақы алуына жағдай жасайтын маңызды келісімге қол қойылды.

Бұған дейін, 2021 жылдың 12 наурызы күні ел Үкіметінің, жұмыс берушілердің, кәсіби одақтардың республикалық қауымдастықтары арасында 2021-2023 жылдарға арналған басты келісімге қол қойылған болатын. Өткен жылдың соңында өңір әкімдігінің облыстық кәсіби одақтар қауымдастықтарымен, жұмыс берушілер ассоциацияларымен бекіткен 2018-2020 жылдарға арналған келісімнің мерзімі аяқталған еді. Осы себепті, аталмыш құжат қайта жаңартылып, енді оның мерзімі 2023 жылға дейін ұзартылды. Облыстық әкімдікте өткен тараптардың қол қою рәсіміне облыс әкімінің орынбасары Шәкәрім Бұқтұғұтов, кәсіби одақтардың аумақтық бірлестігінің төрағасы Темірбек Қасымжанов, сондай-ақ «Аманат» Қазақстанның кәсіби одақтары достастығы» республикалық кәсіби одақтар қауымдастығы аумақтық филиалының және өңірдегі жұмыс берушілердің өкілдері қатысты. 

Үшжақты келісім нәтижесінде өңіріміздегі макроэкономикалық көрсеткіштердің оңды өзгерісі байқалды. Атап айтсақ, өндірістік өнімнің көлемі 2,2 триллион теңгені құрап, 2018 жылмен салыстырғанда өсім 136 пайызды көрсетті. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі - 33, негізгі капиталға құйылған инвестициялар - 44,5, құрылыс жұмыстары - 37 пайызға өсті, – деді Шәкәрім Бұқтұғұтов. 
Оның айтуынша, соңғы үш жыл көлемінде жалақы қарызын төлеу және оның жинақталуына жол бермеуге қатысты 20-дан астам комиссия отырыстары өткен. Осының нәтижесінде 18200 жұмысшының құқығы қорғалып, үш миллиардқа жуық жалақы қарызы төленген. Бұған қоса, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» және «Еңбек» бағдарламалары арқылы 140 мыңға жуық шығысқазақстандық жұмыспен қамтылып, тек өткен жылы ғана 22 мыңнан астам жұмыс орындары құрылған. 

Аталған келісімнің ерекше жақтарына мемлекеттік және қоғамдық бақылаудың күшеюін, жалақының, әлеуметтік аударымдардың, медициналық сақтандыру төлемдерінің уақытылы аударылуын қамтамасыз етуді жатқызуға болады. 2023 жылдың соңына қарай жүргізілген жұмыстар нәтижесінде жалақы мөлшері 30 пайызға көтеріледі деп күтілуде, – деп қосты Шәкәрім Бұқтұғұтов. 

Құжатқа қол қойған тараптар әлеуметтік жауапкершілік қағидаларын жетілдіру жұмыстарын бірлесе атқаруға күш салуға келісті. Құжат жергілікті атқарушы органдарға, жұмыс берушілер мен жұмысшыларға, сондай-ақ ел аумағында тіркелген шетелдік мекемелерге де бірдей құқықтар беріп, талаптар қояды. 

Қоса кетсек, алдағы уақытта осындай үшжақты келісімдер өңірдің аудан, қалаларында да бекітілетін болады.



Өзгелердің жаңалығы