Түркістан облысында жаз келсе шыбын-шіркеймен күрес басталады. Ал Көксарай тұрғындары жыл сайын шіркеймен алысып әлек. Ауыл халқының айтуынша, жазғы аптап ыстықтан бұрын, жұртты әбігерге салатыны – қаптаған шыбын-шіркей мен маса. Мұндай келеңсіз көріністер жыл сайын қайталанып, тұрмысты күрделендіріп келеді. BAQ.KZ тілшісі Көксарай ауылына арнайы барып, жергілікті жұртпен тілдесіп, жағдайдың жай-жапсарын тыңдап қайтты.
Көксарай ауылының байырғы тұрғыны Бөрібек ақсақал бұл елдімекенде 1966 жылдан бері тұрады. Көпті көрген тұрғын соңғы жылдары жәндік көбейіп, жағдай мүлде өзгергенін айтады.
1966 жылдан бері осы ауылдамын. Бірақ шыбын-шіркейдің дәл осылай қаптағанын алғаш рет көрдім. Көксарай су қоймасы ашылғалы бері жәндік жылдан-жылға көбейіп келеді. Жел тұрған күні есік алдына шығудың өзі мұң. Екі күн бұрын, тіпті бет қаратпай кетті, – дейді ауыл тұрғыны.
Көксарайлықтар үшін шыбын-шіркей жай ғана қолайсыздық емес. Ол түрлі аурулардың таралуына себеп болып отыр. Ауыл тұрғындары арасында лишманиоз секілді тері ауруына шалдығу көбейген. Мәселен, Зайд Әшімов есімді тұрғын былтыр көп адам жарамен ауырғанын, әсіресе балалардың денсаулығына қауіп төнгенін жеткізді. Ал Әбдіхалық Абдуллаұлының айтуынша, 10-12 жас аралығындағы екі бірдей баласы былтыр осы аурумен ауырған.
Ауылдың экологиялық ахуалы мәз емес. Ауа-райы да ыстық, жел жиі тұрады. Бұған не себеп екенін ешкім нақты айта алмай отыр. Бірі – тышқаннан, енді бірі бұрыннан бар, тіпті КСРО кезінен келе жатқан дерт дейді. 3-4 жыл бұрын, бір балам ауырған еді. Бірақ нақты себебі сол күйі айтылған жоқ, – дейді ол.
Кейбір тұрғындар бұл жағдайды Көксарайға жақын орналасқан Заречное кен орнымен байланыстырады.

Бұл шіркей Заречное жақта да бар. Сол жақтан келеді екен дейді. Шыбын-шіркейден жұғатын сияқты, – дейді Мұрат есімді тұрғын.
Көксарайлықтардың алаңдауына себеп жоқ емес. 2024 жылы Заречное кен орны маңында заңсыз төгілген зиянды қалдықтар бойынша экологиялық құқықбұзушылық тіркеліп, айыппұл салынған еді.
Ауыл халқы бұл жағдайды экологиялық теңгерімнің бұзылуымен байланыстырады. Алайда Түркістан облысы Экология департаменті бұл уәжбен келіспейді. Мекеме өкілі Мәди Қожатайұлының айтуынша, жәндіктердің көбеюі экология департаментінің құзырындағы мәселе емес.
Көксарай ауылындағы шыбын-шіркейдің көбеюіне байланысты департамент тарапынан арнайы зерттеу жұмыстары жүргізілмейді. Себебі бұл су деңгейінің өзгеруіне байланысты мәселе. Сондықтан аталмыш жағдайды экологиялық ахуалдың салдары деп айтуға негіз жоқ, – деді бөлім басшысы.
Ал көксарайлық Дүйсенкүл Бүркітбайқызы мен Өскенбаева Меруерт жәндіктердің көбеюін Көксарай су қоймасымен байланыстырады.
Жалпы экологиялық жағдай мәз емес. Былтыр лишманиоз шықты. Жылда шіркей қаптайды. Жүре алмай қаламыз. Көксарай су қоймасы бізге тым жақын. Бұның барлығы сол жақтан келеді. Қазір залалсыздандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр, бірақ нәтиже байқалмай тұр, – дейді олар.
Ал Көксарай ауылдық округінің қоғамдық кеңес төрағасы Хайрулла Аймұрзаевтың айтуынша, шыбын-шіркей мәселесі жылдан-жылға ушығып, халықтың өміріне айтарлықтай әсер етіп отыр. Бұл жағдай тұрғындар арасында жиі қозғалған соң, мәселені жүйелі түрде қарастыру үшін арнайы бейресми штаб құрған.

Тұрғындардың айтып отырғаны шындық. Соңғы жылдары шіркей айтарлықтай көбейіп кетті. Осыған байланысты өз бастамаммен ауылда арнайы штаб құрдым. Онда тұрғындардың ұсыныс-шағымдары тыңдалып, ортақ шешімдер пысықталады. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Зұлпықар Жолдасов бұл мәселеден толық хабардар. Қабылдауына барғанда жағдайды жан-жақты баяндадым. Бір-екі рет бірге штабтың жұмыс барысын да көрді. Өз түйгенім, шіркейдің шектен тыс көбеюі залалсыздандыру шараларының толық жүргізілмеуінен болуы мүмкін, – дейді қоғамдық кеңес төрағасы.
Хайрулла Аймұрзаевтың айтуынша, Көксарай ауылы табиғи тоған мен орман алқабына жақын орналасқандықтан, бұл да мәселені күрделендіре түседі.
Ауыл табиғи тоған паркіне іргелес орналасқан. Ал орман алқаптарына дәрі-дәрмек шашуға экологиялық талаптарға сәйкес рұқсат берілмейді екен. Соның салдарынан шіркейлердің біразы сол жерлерге тығылып, көбеюге қолайлы орта табуда, – деп түсіндірді ол.
Мәселенің мән-жайына қатысты сала мамандары да өз пікірін білдірді. Түркістан облысы бойынша шыбын-шіркейге қарсы залалсыздандыру жұмыстарын жүргізіп отырған «Өсімдік Қорғау-K» ЖШС компаниясының биолог-ғалымы Майра Халыкова Көксарайдағы жағдайдан хабардар екенін айтып, Хайрулла Аймұрзаевтың сөзін қуаттады.
Шіркеймен күрес барған сайын күрделеніп барады. Біз күн сайын ғылыми зерттеулерге сүйене отырып жұмыс жүргіземіз. Көксарайдағы жағдайдан хабардармыз. Залалсыздандыру кезінде шіркейдің бір бөлігі тоғайларға жасырынып қалады. Ал «Сырдария-Түркістан» табиғи пракіне дәрі шашуға рұқсат жоқ. Бұл ресми экологиялық шектеу. Осы фактор шіркейдің толық жойылмауына ықпал етіп отыр, – дейді маман.
Оның айтуынша, қазіргі залалсыздандыру жұмыстары өңірдің табиғи-географиялық ерекшеліктеріне толық сай келмейді.
Біз 2023 жылдан бері Түркістан өңірінде жүйелі түрде залалсыздандыру жұмыстарын жүргізіп келеміз. Алайда биылғы жылы қолданылып жатқан нұсқаулықтар өңірдің нақты жағдайына сәйкес келмей отыр. Шіркеймен күрес нұсқаулығы көбіне Солтүстік Қазақстанның жағдайына бейімделіп жасалған. Ал Оңтүстік өңірдің табиғаты өзгеше. Сондықтан біз биыл нұсқаулықты өзгертіп, шіркейдің кеңінен таралуына жол бермедік, – дейді биолог.
Сондай-ақ Майра Халыкова тұрғындар арасында тараған «Көксарай су қоймасы шіркейдің көбеюіне себеп» деген пікірмен келіспейді.
Бұл – қате түсінік. Көксарай су қоймасынан шіркей өніп шықпайды. Яғни бұл жасанды су қоймасында шіркейдің тіршілік етуіне қажетті табиғи жағдай жоқ. Тек Көксарай су реттегішінің жұмысы өзеннің гидрологиялық режимін өзгерткен – деп нақтылады ол.
.jpeg)
Көксарайдағы шыбын-шіркей мәселесі – тұрғындардың жайлы тұрмысын ғана емес, денсаулығы мен қауіпсіздігін де алаңдатқан күрделі экологиялық әрі әлеуметтік түйткілге айналды. Залалсыздандыру шаралары жүргізілгенімен, нақты әрі тиімді нәтиже жоқ. Тұрғындар су қоймасымен және табиғи тоған алқаптарымен байланысы бар шіркей мәселесіне жүйелі шешім қажет екенін алға тартуда.
Сала мамандары болса, залалсыздандыру тәсілдерінің өңірге бейімделмегенін, ал кейбір аймақтарда дәрі себуге тыйым салынғанын айтады. Бұл тек Көксарайға ғана емес, жалпы өңірдің экологиялық басқару саясатына қатысты кең ауқымды ойластыруды қажет ететін мәселе.
Халық дабыл қағып отырғанда, салалық құрылымдардың бір-біріне сілтеуін емес, нақты әрекеттері мен жауапкершілігін көретін уақыт жетті. Әйтпесе, жаз сайын қайталанатын жәндік қаптауы ертең орны толмас зардапқа алып келмесіне кім кепіл?