Шиповских синтетикалық есірткіге қарсы күресті күшейтуді талап етті

29 Ақпан 2024, 20:47
385
Бөлісу:
Шиповских синтетикалық есірткіге қарсы күресті күшейтуді талап етті
Фото: скрин/@senate_kz

Сенатор Геннадий Шиповских еліміздің Премьер-министрінің атына жасаған депутаттық сауалында синтетикалық есірткінің таралу проблемасы туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Депутаттың айтуынша, балалар мен жасөспірімдер синтетикалық есірткінің кең таралу қаупіне ұшырайтын ең осал орта болып табылады. Қаскөйлер есірткіні интернет-мессенджерлер арқылы арзан бағамен сатады, жастарды улайды.

2021-2023 жылдар аралығында синтетикалық есірткі заттарын таратқаны үшін 1 021 адамға қылмыстық іс қозғалды. Соңғы 3 жылда синтетикалық есірткіні алу көлемі 100 кг-нан 1 тоннаға дейін өсті. 2021 жылы 17, 2022 жылы 68 және 2023 жылы 81 есірткі зертханасының қызметі анықталды.

Есірткі қаупіне белсенді қарсы тұру – мемлекет пен қоғамның ең маңызды міндеттерінің бірі. Елдегі есірткі саудасының өршуіне байланысты тікелей Президентке бағынышты арнайы есірткіге қарсы қызмет жүргізетін жеке-дара мекеме құру мүмкіндігін қарастыруды сұраймыз. Синтетикалық есірткіні сатуға қатысатын сайттардың жарнамалау фактілерінің жолын кесу жөніндегі жұмысты күшейтіп, жарнамалаушыларды қатаң жазалау қажет. Мектеп, колледждер мен жоғарғы оқу орындарында білімгерлерге есірткіні таратудың салдары туралы түсіндіру шараларын жандандыру қажет. Жастар, әсіресе студенттер арасындағы синтетикалық есірткіні тасымалдаушылардың (закладчик) санының өсуіне байланысты нақты іс-шаралар жоспарын әзірлеуді орынды деп санаймыз, - деп ұсынды Геннадий Шиповских.

Өзгелердің жаңалығы