Шілде айында Ұлттық банктің теңгені қолдау көлемі маусыммен салыстырғанда төмендеді. Валютаның таза сатылымы (сатылған және сатып алынған валютаның айырмасы) 26%-ға қысқарып, 617,2 млн доллар болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл өзгеріс, ең алдымен, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) зейнетақы активтеріндегі валюталық үлесті сақтау мақсатында шетел валютасын сатып алу көлемінің айтарлықтай артуымен байланысты, деп жазады Datahub сарапшылары. Шілдеде бұл көрсеткіш 4,1 есеге өсіп, 375 млн долларға жетті.
Ал республикалық бюджетке трансферттерді қамтамасыз ету үшін Ұлттық қордан сатылған валюта көлемі өзгеріссіз қалып, 200 млн долларды құрады.
Сонымен қатар отандық өндірушілерден алтын сатып алу кезінде қолданылатын теңестіру тетігі аясында сатылған валюта көлемі де айтарлықтай өзгерген жоқ. Бұл көрсеткіш маусыммен салыстырғанда 9%-ға өсіп, 792,2 млн долларға жетті. Аталған механизм бойынша Ұлттық банк алтын сатып алар алдында теңге эмиссиясының көлеміне тең мөлшерде валютаны нарыққа шығарады.
Шілдеде квазимемлекеттік сектордың теңгені қолдауға қосқан үлесі де төмендеді. Оның субъектілері сатқан валюта көлемі бір ай ішінде екі есеге қысқарып, 195 млн долларды ғана құрады. Бұған 15 шілдеден бастап валюталық түсімнің бір бөлігін міндетті түрде сату талабының күшін жою себеп болған.
Ұлттық банк сондай-ақ Ұлттық қордан алтын-валюта резервтеріне сатып алынатын валюта көлемін 460 млн доллардан 500 млн долларға дейін ұлғайтты.
Бұл механизм аясында Ұлттық банк Ұлттық қордан валюта сатып алған кезде оның теңгедегі баламасын Ұлттық қордың теңгелік шотына аударады. Соның нәтижесінде экономикаға қосымша теңгелік өтімділік түседі. Кейін бұл қаражат бір жыл ішінде теңестіру тетігі арқылы қайта айналымнан шығарылады. Ол үшін нарыққа дәл сондай көлемде валюта сатылады.
Ұлттық банктің мәліметінше, жаңа тетік республикалық бюджетке қажет трансферттерді нақты қаржыландыру қажеттілігіне қарай кезең-кезеңімен жүзеге асыруға және валюта нарығындағы қысқа мерзімді теңгерімсіздіктердің алдын алуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, әзірге Ұлттық қорға қатысты осы теңестіру тетігі аясында нақты операциялар жүргізілмеген. Кем дегенде, Ұлттық банктің шілде айындағы валюта нарығына арналған ресми ақпаратында мұндай операциялар туралы мәлімет жарияланған жоқ.
Еске салсақ, бұған дейін ҚР Ұлттық банкінің 5 тамызға арналған валюта бағамына қатысты дерегі жарияланды.