Шетте жүрген дарынды қазақ балалары этно-лагерьде бас қосты

15 Шілде 2023, 17:50
1057
Бөлісу:
Шетте жүрген дарынды қазақ балалары этно-лагерьде бас қосты
Фото: Отандастар қоры

«Жас қазақ» жазғы этно-лагері биылғы маусымын да сәтті аяқтады, деп хабарлайды BAQ.KZ "Отандастар" қордың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, жылдан – жылға ауқымы кеңейіп, деңгейі өсіп келе жатқан жобаның мақсаты мен мазмұны тереңнен сыр шертеді. Әлемнің түкпір-түкпірінде тарыдай шашылған этникалық қазақ балаларының басын қосып, Атажұртқа әкеліп, тарихымызды, дінімізді, ділімізді һәм рухани құндылықтарымызды дәріптей отырып, табиғат аясында әдемі демалыс сыйлайды.

Екі аптаға созылған жазғы этно – лагерь табиғаты әсем, ауасы таза, Қазақстанның Швейцариясына айналған, Абылай хан ордасын тіккенен Бурабай төріндегі «Iqanat High School of Burabay» мектебінде өтті.

Әлемнің 8 мемлекетінен, атап айтқанда АҚШ, Иран, Беларусь, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия және Ресейден 200-ге жуық этникалық қазақ балалары келді. Қонақтардың алғы шебін Ресейдің Саратов қаласынан келген қандас балалар бастады. Шілде айының 1-жұлдызында «Отандастар қоры» КеАҚ басшысы Абзал Сапарбекұлы балалармен Елордада кездесу жасап: «Биылғы жазғы лагерь ерекше. Себебі, «Жас қазақ» деп ат беріп, «этно» деген сөзді қостық. Яғни елге келген барша қандас балалар рухани құндылықтарды бойларына сіңіріп, өздерін еркін сезініп, жақсы демалып қатуы тиіс. Болашақта бұл жоба дүстүрге айналып, ауқымын кеңейтеді деп ойлаймын»,- өз сөзін қорытындылап, балаларға бақытты балалық шақ тіледі.

Балалар арасында Бурабай, Елордадан бөлек, Қазақстанға алғаш келгендері бар. Шекарадан асып, елге аяқ басқанда қуаныштың көз жасына ерік бердік дейді. Себебі, туған елдің тау-тасы, тіпті түтіні де бөлек деп бала көңілдерімен шынайы эмоцияларын жеткізді.

Биылғы этно-лагердің басты ерекшелігі – дара да дарынды балалардың басын қосты. Сайдың тасындай іріктеліп келген 12-17 жас арасындағы балалар лагерьге жолдаманы түрлі байқауларға онлайн, офлайн форматта қатысып, жеңіп алды. Мысалы, бірі мәнерлеп өлең оқыса, енді бірі домбыра тартып жүлде иегері атанған балалар.

Ашылу салтанатында балалар алғашқы күндерден-ақ жауапкершілік сезініп, концерттік бағдарламаны өздері дайындады. Арнайы қонағымыз Дүниежүзілік Тоғызқұмалақ Федерациясының президенті Алихан Мұхамедияұлы Байменов балаларға ақ батасын беріп, ырымдап «Темірқазық» деп аталатын кітапты сыйға тартты.

Бүгін, міне, екі аптаға созылған жазғы этно-лагерь өз мәресіне жетті. Табиғаты таңғажайып Бурабайда, Атажұрт Қазақстанда, туған Отан аясында өткізген осынау демалыс бәріңе ерекше көңіл-күй мен ұмытылмас мол әсер сыйлады деп ойлаймын. Әлемнің 8 мемлекетінен келген қазақтар бір-біріңмен танысып, бір үйдің баласындай болып кеттіңдер. Ең бастысы, әлемнің қай жерінде жүрсеңдер де барлық қазақтың ұлы Отаны, арқа сүйер Атажұрты – Қазақ елі бар екенін сезіндіңдер деп білемін. Осы «Жас қазақ» жазғы этно-лагерін ұйымдастырып отырған «Отандастар қоры» да мемлекет тарапынан осы мақсатта құрылған. «Отандастар қоры» осындай жазғы лагерді осымен үшінші рет ұйымдастырып отыр. Келесі жылы қатарымыз бұдан да көп болады деп ойлаймын, – деді ол өз сөзінде.

Осы орайда сөз алған ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Шапақ Үнзила: «Бүгінгі іс-шара өте тағылымды жоба деп білемін. Сіздерге бақытты балалық шақ тілеймін. Осы орайда Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тікелей бастамасымен балалардың болашағы мен құқығын қорғау мақсатында Парламентте түрлі заңнамалар қабылданып жатыр. Солардың бірі және бірегейі – балалардың атына жеке есепшот ашу», – деді.

Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Д.Баярхүү мырза жиын барысында:«Отандастар қорының» ұйымдастыруымен өткен этно - лагерь өте маңызы зор жоба деп білемін. Осы лагерьде жалпы саны 46 бала Моңғолияның астанасы Ұланбатыр қаласынан, Дархан, Ховд, Налайх, Баян-Өлгий аймақтарынан келіп қатысып отыр», - деп сөзін қорытындылады.

Кеш соңы қандас оқушылардың арнайы жабылу салтанатына әзірлеген қорытынды концертіне ұласты. Одан бөлек, Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік ұйымы өнерпаздары әуезді әндері мен күмбірлеген күйлерін тарту етті. Барша бала бірігіп қазақтың ұлттық биіне айналған «Қара жорғаны» биледі.

Сонымен қатар, лагерь барысында ұйымдастырылған «Мақал - мәтел» және «Қазақстан тарихы» байқауларының жеңімпаздары бағалы сыйлықтармен марапатталды

«Әр қазаққа - бір кітап» акциясы аясында барша балаларға қазақ тілін үйренуге арналған әдістемелік оқулықтар таратылды.

Осымен 1-14 шілде аралығында жалғасқан «Жас қазақ» жазғы этно-лагері өз мәресіне жетті. Дәстүрге ұласып келе жатқан «Жас қазақ» жазғы этно-лагері келесі маусымда өз дарындарын күтеді.

Өзгелердің жаңалығы