Қазақстан шетелге кілем эспорттайды екен

15 Сәуір 2020, 21:38
2618
Бөлісу:
Қазақстан шетелге кілем эспорттайды екен

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Шымкенттегі "Бал Текстиль" фабрикасы өнімдерінің 20 пайызы алыс және жақын шетелдерге экспортталады.

Кез-келген мекеменің немесе үйдің әдемі безендірілуін түрлі кілемдер толықтыратыны анық. Адамдар оның әсем өрнектеріне қарап, тамсанып қана қоймай, бар жылуы мен нәзіктігін сезінеді. Қазіргі нарықта кілемдердің түрінің көптігі сонша, дұрыс таңдау жасаудың өзі оңай емес.

Еліміздегі кілем және кілем бұйымдарын шығаратын көшбасшы өнеркәсіп ошақтарының бірі - Шымкент қаласындағы "Бал текстиль" фабрикасы. Кәсіпорын - отандық кәсіпкерлер мен Түркияның "Kartal Tekstil Sanayi Ve Ticaret LTD. STI" компаниясының ортақ жобасы. Бұл фабрика -  Түркияда кілем өндіру саласының алғашқы ондығына кіретін ірі тауар экспорттаушысы.

Отандық кәсіпорын 2013 жылдан "Оңтүстік" арнайы экономикалық аймағының аумағында өз өнімдерін шығара бастады. Бүгінгі таңда фабриканың өндірістік қуаты өте жоғары. Жылына 4 млн. шаршы метрден астам кілем және кілем бұйымдарын, сондай-ақ 4 мың тонна полипропилен жіп шығарады. Кілемдерді инновациялық жабдықтарда, атап айтқанда "Michel Van De Wiele" (Бельгия) тоқу қондырғысында, ал "BCF", "HeatSet", "Freez" типті қажетті жіптерді "Oerlikon Neumag" (Германия) машиналарында дайындайды.

Кәсіпорында жіп өндірісінің жүргізілуіне байланыста өнім бағасы шетелдік тауарлардан әлдеқайда төмен. Кілемдер үш түрлі жіптен тігіледі: негізгі көлденең жіп – Бангладеште өндірілетін джут, бойлық жіп – мақта мен полиэстердің қоспасы. Оны Үндістаннан немесе Қытайдан әкеледі. Сондай-ақ, түкті жіп фабрикада полипропиленнен жасалады. Фабриканың өнімі TURAN, Хан-Тәңірі, Алатау, Bars, Сарыарқа, Ұлытау, Алаш, Отырар маркаларымен шығарылады.

Өзінің ассортиментінде 2 мыңнан астам дизайны бар фабрика аз ғана уақыт ішінде сапасы мен қолжетімді бағасының арқасында халықтың көңілінен шығып, отандық және халықаралық сапа байқауларында жүлделі орындарға ие болды. Мұнда түрлі материалдардан, түстерден және өлшемдерден мінсіз сапалы кілем жабындарын сатып алуға болады.

Бүгінгі таңда өнім Қазақстанның ірі қалаларында және барлық облыстарында сатылады. Сонымен қатар жалпы өндірістің 20% жақын және алыс шет елдерге: Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан, Әзірбайжан, Ұлыбритания, Германия және Францияға экспортталады.

2016 жылы Швецияның IKEA ірі сауда желісі компаниясымен келісімшарт жасады. Бұл компания өзінің қатаң талаптарына жауап беретін фирмалармен ғана жұмыс істейтінін айта кету керек. Бірінші кезекте олар өнімнің сапасына назар аударады.

Бүгінде "Бал Текстиль" фабрикасында 200-ден астам білікті маман қызмет етеді. Көпшілігі Түркияда тәжірибеден өткен. Компания өнімін Қазақстанның барлық аумағында сатып алуға болады. Республика бойынша 400-ден астам дистрибьюторы бар.

Өзгелердің жаңалығы