Шетелдіктер енді Алматыда туристік жарна төлеуге міндеттелмейді

21 Ақпан 2024, 12:24
347
Бөлісу:
Шетелдіктер енді Алматыда туристік жарна төлеуге міндеттелмейді
Фото: Видеодан скрин

Бұл шешім қалалық мәслихаттың 2024 жылдың алғашқы сессиясында қабылданды, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Достық үйінде Алматы қаласы Мәслихатының кезектен тыс XIV сессиясы өтті. Онда қалаға келген шетелдік туристердің жарна төлеу мәселесі талқыланды. Алматы қаласы мәслихатының 2023 жылдың 15 қыркүйектегі шешімі бойынша шаһарға саяхаттап келген шетелдік туристер 0,5 АЕК (1846 теңге) көлемінде жарна төлеуге тиіс болатын. Алайда Туризм және спорт министрлігі ережеге өзгеріс енгізіп, шетелдіктер үшін туристік жарнаны алып тастағандықтан, Алматы қаласының мәслихат депутаттарына да бұл жарнаны алып тастау ұсынылды.

2023 жылдың 17 қаңтары мен осы жылдың 1 ақпанына дейін бюджетке 650 миллион теңге табыс түсті. 9 қаңтардан бастап шетелдіктер үшін туристік жарна төлеу ережелеріне Туризм және спорт министрі бекіткен өзгеріс күшіне енді. Ол бойынша шетелдіктер үшін туристік жарна құны бүкіл Қазақстан аумағында 0 теңге болып бекітілді. Осы ережеге орай Алматы қаласындағы шетелдік туристер үшін жарна құнын 0 теңге етіп бекітуді ұсынамын, – деді Алматы қаласы Туризм басқармасының басшысы Ғалия Тоқсейітова.

Алматы қаласы мәслихатының депутаты Руслан Идрисов қазіргі уақытта шетелдіктер үшін туристік жарнаны алып тастағанымен, болашақта бұл мәселені қайта қарау керек екенін атап өтті.

Бұл сұрақты қызу талқыладық. Біз бұл ережені қыркүйекте қабылдап, енді оны тоқтатып жатырмыз. Неге біз өз еркімізбен бюджетке түсетін қаржыдан айырылуымыз керек деген сұрақ та орынды. Бірақ біз туристік жарна жинау механизмдердің әлі шала екенін көріп отырмыз. Кәсіпкерлер бұл жарнаны қалай төлеу керек екенін білмейді, оларға айыппұл салынып, кейін өте көп арыз-шағым түседі. Енді комиссиямен шешімге бір келдік, министрдің атына депутаттық сауал жолдаймыз. Министрлік біздің сауалымызға оң жауап берген жағдайда, бұл сұраққа қайтып келеміз. Біз бастапқыда бұл шешімге келіспейтінімізді айттық, бірақ жарна жинаудың кемшіліктерін ескертіп, әзірге оны тоқтата тұру керектігін түсіндік. Алматы қаласына ерекше мәртебе берілді, соны қолдануымыз керек. Қаланың пайдасын ескеру қажет, өйткені кейде басқа өңірлер мен Алматының мақсат-мүдделері келіспеуі мүмкін. Біз бұл сұраққа жақсы дайындалып әлі қайтып келеміз, – деді Алматы қаласы мәслихатының депутаты және Кәсіпкерлік, инсвестициялар, туризм және экология жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Руслан Идрисов.

Өзгелердің жаңалығы