Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елімізде соңғы күндері шетелдік тіркеудегі көліктерге қатысты шу көбейді, ал нақты түсініктеменің болмауы жүргізушілерді әбірге салды. Дау-дамай неден басталды, жағдайдан қалай шығуға болады және заң не дейді? Біз осы және басқа да сұрақтарға жауап беруге тырыстық.
Көлікті тіркеудің жаңа ережелері жүргізушілер үшін күтпеген жаңалық сияқты болғандай. Себебі жаңажылдық мерекелерден кейін армян және қырғыз көліктеріне қатысты наразылық пен түсініспеушілік қарқынды күшейе бастады. Енді Қазақстанда шетелдік көлікпен жүру қиын шаруаға айналды.
Бұрын қалай еді?
Бұған дейін азаматтарымыз былай істейтін: Арменияға барып, ол жақтан арзан көлік сатып алып, елге әкеліп, емін-еркін жүре беретін. Арменияда көлік неге бізге қарағанда арзан? Себебі олар ЕАЭО-ға кірер кезде машиналарға салынатын бірыңғай кедендік баж салығын 5 жылға дейін қолданбауға мүмкіндік алды, яғни олар өздерінің кішкентай 10%-ын сақтап қалды. Осылайша біздің азаматтар Арменияға барып, сол елден арзан көліктерді елге әкеле бастады.
Барлығы кедендік одақтың баж салығынан шығып отырған секілді. Ереже қарапайым, Ресей одақта бұрыннан бар, сондықтан ол жақтан келген көліктер Ресейге кіргеннен одақ талабына сай салығын төледі. Ал ол салыққа Қазақстан да ортақ болғандықтан, бірдей қаралады. Ал Армения мен Қырғызстан 2015 жылы кіргенмен, 2020 жылға дейін кедендік салықты өз заңдарымен жүргізуге мұрсат берілді. Сондықтан оларға кірген көлік өздерінікі болып есептелгенмен, Ресей мен Қазақстан, Беларуське шетелдік болады, өйткені оның салығына ортақ болған жоқ қой. Демек ортақ болу үшін әлгі көліктер аталған үш елге кірсе, одақ талабына сай салық төлеуге мәжбүр. Елге кірерде шекарада барлығы жазылады. Демек елге көліктің қай кезде кіргені бар, тіркелмесең, тауып алып, шығып кет деп сол кезде айтқанда, елге 200 мың көлік кірмес еді, - деп жазады осы мәселе қатысты Саясат Идеятұлы өзінің Фейсбуктегі парақшасында.
Ішкі істер министрлігі не дейді?
Қызықтың бәрі тіркеудің 2020 жылдың басында күшіне енген жаңа ережелерінен басталды. Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша, осы уақытқа дейін елімізге Армения, Қырғызстан, Беларусь және Ресейде тіркелген 170 мыңнан астам көлік әкелінген. Осы орайда Армения мен Қырғызстаннан әкелінген автокөліктерге қатысты қатаң шектеулер бар. Оның себебі аталған елдердің ЕАЭО-ға кіруі бойынша өтпелі ережелердің болуы.
Мысалы, көрсетілген елдерде 2014 пен 2020 жылдың 1 қаңтарына дейін тіркелген көліктер Қазақстанға уақытша әкелінуі мүмкін. Оларға кедендік баж бен салық төлемеуіне және тек Қырғызстан мен Арменияда тұрақты тұратын тұлғаларға қатысты кедендік баж төлеуді қамтамасыз етпеуге болатын.
Қазақстан азаматтары осы уақыт аралығында Қырғызстан мен Арменияда тіркелген автокөлікті елге әкеліп, пайдалана алады. Алайда ол үшін олар міндетті түрде көлік құралының кедендік декларациясын өткізіп, кедендік баж бен салық төлеп, кейін көлік құралдарын Қазақстанда тіркеу қажет, - дейді ІІМ басшысы.
Егер Қазақстан азаматы көлікке меншік құқығын тіркеуді шет елде істесе және ол адамда көлікті өз атына тіркеген куәлігі болса, онда мұндай көлік "Жол жүрісі туралы" ҚР Заңының 66-бабының талаптарына сәйкес міндетті түрде Қазақстанда тіркелуі тиіс. Тіркеуге көлікті сатып алғаннан кейін (яғни көлік құралын тіркеу туралы куәлік берілген сәттен бастап) 10 жұмыс күні ішінде тұру қажет. Осыған қоса ол "Доңғалақты көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы" Техникалық регламент талаптарына, яғни басқару құралының сол жақта орналасуы және экологиялық класска сәйкес келуі керек.
Осылайша, шет мемлекеттерде тіркелген көлік құралдарын Қазақстанда пайдалану бойынша барлық жағдайлар мен формалар заңмен реттелген.
"Көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзу" деп аталатын Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 590-бабы 2-тармағына сәйкес, белгіленген тәртіппен тіркелмеген көлікті жүргізген үшін 10 АЕК мөлшерінде айыппұл және ұстау себептері реттелгенге дейін арнайы алаңдарға уақытша қою жауапкершілігі қарастырылған.
Шетелдік көліктерді біздің елде тіркемеген кейбір азаматтарымыз заңнан қорықпайды. Соның салдарынан шетелдік нөмірдегі жүргізушілер қатысуымен 1 854 жол-көлік оқиғасы болған. Олардан 132 адам қаза тауып, 500-ден астамы жарақат алған. Осыған қоса, бұл адамдар өткен жылы 90 мың рет (1,1 млрд теңгеден астам сомаға) жол қозғалысы ережесін бұзған. Олар жылдамдық режимін арттырған, белгілер мен таңбалардың талаптарын сақтамаған және т.б. құқық бұзушылық жасаған, - деп мәлімдеме келтірді ішкі істер министрі.
Айта кетейік, Ішкі істер министрлігі Қазақстан азаматтарының шетелдерден сатып алған және бізідің еліміздің аумағына әкелген автокөліктерін тіркеу жөнінідегі мәселелерді түсіндіру үшін "Тікелей желі" телефон желісін іске қосты.
Қазақстандықтарға Әкімшілік полиция комитетінің қызметкерлері: +7 (7172) 71 58 21, 71 58 39, 71 58 04, 71 58 06, 71 58 62 (демалыс күндерін қоспағанда дейін түскі үзіліссіз 09:00-ден 19:00-ге дейін) телефондары бойынша кеңес беруге дайын.
Жүргізушілер неге наразы?
Қазақстанның бірнеше қаласында жүргізушілер өз наразылығын білдіріп, полиция фронт-офистеріне жүгінді.
Былай бәрін бірден істеуге болмайды ғой. Керек болса, уақытша тіркеу істеп амалын қарастыру қажет шығар. Себебі Қазақстанда көлікті заңды түрде тіркеу қиынға соғады. Бұған қыруар ақша кетеді. Мысалы мен машинамды 4 миллион теңгеге сатып алдым, енді оны заңдастыратын болсам, кем дегенде осындай көлемде ақша жұмсауым керек болады, - дейді ақтаулық Ерлан Бәшінтаев.
Ал Алматыдағы жүргізушілер болса, сол шетелдік нөмірлермен кедергісіз жүруге мүмкіндік беруді сұрап отыр.
Бізге осы нөмірлермен кедергісіз жүруге мүмкіндік беруді сұраймыз. Әрине, біз заң бойынша барлығын, яғни сақтандыру мен салықты төлеуге дайынбыз. Әлде біздің машиналарымызға қазақстандық нөмір беріңіз. Біз автокөліктерді кедендік рәсімдеу үшін 4 миллион теңгеден төлей алмаймыз, - дейді алматылық жүргізушілер.
Жүргізушілер не істеуі керек?
Бұл туралы ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің басқарма бастығы Юрий Козлов айтты.
Тіркеу үшін "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясына, мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына жүгіну қажет. Құжаттар бойынша: бұл техникалық құжаттар, көлік құралының паспорты, сатып алуды растайтын құжат және тиісті мемлекеттік баж, - деді Юрий Козлов.
Оның айтуынша, шетелдік нөмірлердегі көліктерді тіркеу туралы министрлік бастамасының негізгі мақсаты жүргізушілерді жазалау емес, ұсыныс пен ескерту екенін атап өтті.
Бізде бірден айыппұл тұрағына қойып, жазалау шараларын қолдану мақсатымыз жоқ. Біз жазалау шараларынан бас тарттық, тек ескертеміз және ұсынамыз. Біз азаматтарға кеңес беріп, көмектесуге дайынбыз. Сондықтан қалғаны олардың өзіне байланысты, заң алдында барлығы бірдей. Егер азамат мұндай көлікті пайдалануды жалғастырса, ол заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылады, - деп атап өтті Юрий Козлов.
Шетелдік көлікті тіркеу қанша тұрады?
Алматыда "Жолдағы қабылдау" республикалық акциясы аясында өткізілген баспасөз конференциясында Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Жандос Мұраталиев Қазақстанда шетелдік нөмірлермен автокөлікті заңдастыру қанша тұрғанын айтты.
Оның айтуынша, утилизация бойынша алымдар мен салық баждарының сомасын есептеу полицейлердің құзырына кірмейді. Ол мамандандырылған ХҚКО-да кеден және мемлекеттік кіріс қызметкерлері бар, баж салығын солар есептейтінін айтқан. Бірақ Алматының бас жол полицейі бұл сома 500 мыңнан басталып 4 миллион теңгеге дейін баратынын айтты. Қазақстанда шетелдік көліктерді заңдастыру бағасы осындай.
Көлік үшін кім және қанша төлеу керектігін әркім өз желісі бойынша қарайды. Бізге барлық баж салығы төленді және еш шағым жоқ деген деректер беріледі. Мен білуімше, осы баж салығы мен утилизация алымдарының сомасы шамамен 500-600 мыңнан 3-4 миллион теңгеге дейін, - деді Мұраталиев.
Оның сөзінше, сома автокөліктің шыққан жылы мен әкелінген еліне байланысты. Алматы қаласының Әкімшілік полиция басқармасының бастығы әр көлік өз елінде кедендік тазартудан өтуі тиіс екенін де атап өтті.
Стандарттарға сәйкес келмейтін машиналар тіркеуге алынбайды. Мысалы, қауіпсіздік жастығы жоқ көліктер. Мүмкін мұндай көліктерді бөлшектеп сатып жіберу керек шығар, - деді басқарма бастығы.