Армениядан көлік әкелу үшін сол елдің ықтиярхатын алып жатқандар көп – ІІМ

21 Қаңтар 2020, 17:16
1897
Бөлісу:
Армениядан көлік әкелу үшін сол елдің ықтиярхатын алып жатқандар көп – ІІМ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев отандастарымызды шетелдік тіркеудегі автокөліктерді сатып алудан сақтандыруға шақырды. 

Өйткені қандай да бір себептермен қазақстандықтар біздің елдің аумағында тіркеуден өте алмауы мүмкін. 

Біздің азаматтарымыз Армения азаматтарымен бірге уақытша тұру мәртебесін алу үшін түрлі амалдарды қолданады (Армения аумағында – тілші). Қарапайым анықтама қағазынан бастап уақытша тіркеу картасына дейін жасатып жатқандар бар. Сөйтіп, Арменияның ықтиярхатын алып алуға тырысады. Бұл анықтама арқылы автокөлік әкеледі, - дейді Марат Қожаев. 

Оның айтуынша, министрлік қазіргі кезде барлығын анықтап, зерттеп жатыр екен. 

Қазір бәрін анықтап жатырмыз. Бұл заңға сәйкес келмейтін іс. Еуразиялық экономикалық одақтық келісім бойынша армияндарға ғана ондай көлік алуға болады. Мәліметтерді жинап жатырмыз. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы арқылы анықтама қағаздарын алып алғандары бар. Қазіргі уақытта Ішкі істер министрлігі Армения Республикасына әкімшілік полиция комитеті мен көші-қон полициясы комитетінің білікті қызметкерлерін жіберді. Олар армян әріптестерімен бірге біздің және Армения азаматтарының әрекеттерінің заңдылығын тексереді. Айтпақшы, Қазақстан азаматтарының  Армения аумағында оларға қарсы құқық бұзушылық жасалғандығы туралы фактілері бар. Олар алданып қалған. Осылайша, қазақстандықтар шығынға ұшырап жатыр.  Бұл жағдайды ескере отырып, министрлік осындай түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр, - дейді вице-министр. 

Айта кетейік,Қ Р ҰҚК шекара қызметінің мәліметіне сәйкес, елде кейінгі үш жылда ЕАЭО елдерінен 200 мыңға тарта көлік Қазақстанға кіргізілген. Бірақ олардың бәрі түгел тіркелмеген. Көбі транзитпен кірсе, біршама бөлігі осында жұмысқа келген азаматтарға тиесілі болып отыр. Тек 40 мыңы ғана заңды түрде тіркелген.

Өзгелердің жаңалығы