Қазақстан президенті шетелдік компания басшысына ризашылық білдірді

4 Шілде 2019, 11:49
6810
Бөлісу:
Қазақстан президенті шетелдік компания басшысына ризашылық білдірді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мемлекет басшысы Baker Hughes, a GE company президенті – бас атқарушы директоры Лоренцо Симонеллиді қабылдады, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаевқа экономиканың түрлі саласындағы, соның ішінде машина жасау және энергетика секторларындағы бірлескен инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуы жөнінде мәлімет берілді.

Қазақстан президенті Шетелдік инвесторлар кеңесіне қатысқаны үшін Лоренцо Симонеллиге ризашылық білдіріп, оның компаниясының Қазақстанда жақсы жұмыс істеп жатқанын атап өтті.

"Түрлі саладағы табысты іс-қимылдар бойынша мол тәжірибеміз бар. Біздің жемісті ынтымақтастығымыз жалғаса береді деп ойлаймын", - деді Мемлекет басшысы.

Лоренцо Симонелли компанияның Қазақстанда жаңа жобаларды белсенді жүзеге асырып жатқанын айтты.

"Екінші үйімдей болып кеткен Қазақстанға қайта оралу мен үшін зор қуаныш. Біз өз жұмысымызда жаңа салаларды ашып жатырмыз. Қазақстан біздің компанияның әлеуетін тұтас ел аумағындағы инфрақұрылымды дамыту үшін сәтті пайдаланудың жарқын үлгісін көрсетеді деп ойлаймын", - деді бизнесмен.

Қазақстан президенті мен компания басшысы келешек ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады. 

Сондай-ақ, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Полиметалл" компаниясы директорлар кеңесінің мүшесі Игорь Финогеновті қабылдады.

тоо.jpg

Мемлекет басшысына "Полиметалл" кәсіпорнының Қазақстан мен Ресей нарығында жүзеге асырылып жатқан ірі жобалары туралы мәлімет берілді.

Қазақстан президенті "Полиметалл" кәсіпорнының "Астана" халықаралық қаржы орталығының биржасына енуімен құттықтап, компанияның біздің елдегі жұмысына тоқталды.

"Полиметалл" "Астана" халықаралық қаржы орталығының биржасында орналасқан алғашқы шетелдік компания атануымен құттықтаймын және ризашылығымды білдіремін. Сіздер Шығыс Қазақстан облысындағы Бақыршық кен орнында "Қызыл" жобасын табысты аяқтадыңыздар. Қостанай облысындағы алтын кен орнында да жобалар жүзеге асырылып жатырсыздар", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Игорь Финогенов "Астана" ХҚО шетелдік компанияларға Қазақстанда жұмыс істеуге үлкен инвестициялық мүмкіндіктер жасап отырғанын атап өтті.  

"Астана" халықаралық қаржы орталығының биржасына енуімізді үлкен жетістік деп санаймыз. Өйткені, бұл Қазақстанда қаржылық жобаларды жүзеге асыруға бағытталған алғашқы қадамдарымыз. Біз  геологиялық барлау жұмыстарына инвестиция салуға мүдделіміз, ал биржа бұл үшін жақсы мүмкіндік", - деді Игорь Финогенов.    

Кездесу соңында тараптар ынтымақтастықтың алдағы уақытта да арта беретініне сенім білдірді. 














Өзгелердің жаңалығы