Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Біздің нарықтың 50%-дан астамын шетелдік азық-түлік басып тұр. Негізі ол 15-20%-дан аспауы керек. Бұл туралы "Бижан ет өңдеу зауыты" ЖШС-нің бас директоры Хадиша Бижан айтты.
Шұжық және жартылай фабрикаттарды шығаратын "Бижан" ЖШС-і өз өнімдерін Ресейге шығарып тұрады. Алайда, көрші ел карантин шараларын және тағы басқа негізсіз себептерді алға тартып, отандық өндірушілерді еліне кіргізбей жатыр екен.Роспотребнадзор түрлі сылтау айтып, біздің өнімді кіргізбейді. Олар әрдайым өз өндірушілерін қолдайды. Олар тіптен біздің нарықты да жаулап алды. Сол себепті біздің ет өңдеу кәсіпорындары толыққанды жұмыс істеп отырған жоқ. Әсіресе, Ресей Федерациясынан бізге азық-түлік өнімдері ағылып келіп жатыр. Олардың тексерілетіні, салық төлейтіні бізге беймәлім, - дейді кәсіпкер.
Сонымен қатар, ол қай ел болмасын сырттан келетін өнімге шектеу қойып отыратынын, ал бізде керісінше импорт өнімдер толассыз кеп жатқанын жеткізді.
Кез келген мемлекет өз кәсіпорындарын қолдау мақсатында ішкі нарықты бақылап отырады. Сырттан келетін өнім 15-20%-дан аспау керек, ал біздің нарықтың 50%-нан артығын шетелдік азық жаулап алды. Соның кесірінен отандық бірнеше кәсіпорын жабылып қалды. Үкімет өз өндірушілерімізді қолдау қажет, тіптен халықты отандық өнім алуға шақыру қажет деп ойлаймын, - дейді ол.
Хадиша Бижанның айтуынша, отандық кәсіпорындарды қолдау ел бюджетіне түсетін салықтың артуына, жаңа жұмыс орындарың көптеп ашылуына септігін тигізеді.
Пандемия кезінде әр ел өз кәсіпорындарын қолдады, олардың дамуына жағдай жасады. Біз қазір айына 30-35 млн теңге салық төлейміз. Біз өз өнімімізді сыртқа шығармасақ та өз нарығымызда сата білуіміз керек. Ірі супермаркеттерге барсақ, бізге орын бере бермейді, олар көбіне ресейлік тауарларға басымдық береді, - дейді кәсіпкер.
Сондай-ақ, ол отандық ет өнімдеріне Қытайдан сұраныс түсіп отырғанын, алайда, мемлекетаралық құжаттардың реттелмеуінен олардың нарығына шыға алмай отырғандарын жеткізді.
Қытайдың Шыңжаң аумағында 25 млн халық тұрады. Бізде халал өнім шығатындықтан олардан түсетін сұраныс жоғары. Олар бізге келіп, меморандумға да отырдық. Алайда, екі ел арасында дайын ет өніміне қатысты құжат жасалмаған. Тек шикі ет пен тірі малдарды жіберіп жатырмыз. 2018 жылы Қазақстаннан 38 мың ірі мал шығарылған. 2019 жылы 156 мың ірі қара кетті. Оның бір бөлігі Өзбекстанға жіберілді. Соның кесірінен бізде еттің жетіспеушілігі болып жатыр. Осы қазан айында тірі малдарды экспорттау мораториі аяқталады. Малдарды тірідей жіберуге тосқауыл қоймаса, бізде етке деген тапшылық болады, - дейді Хадиша Бижан.