Шетел азаматтарының елімізде визасыз жүру мерзімі өзгерді ме?

26 Сәуір 2022, 09:57
6354
Бөлісу:
Шетел азаматтарының елімізде визасыз жүру мерзімі өзгерді ме?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Редакциямызға оқырман тарапынан шетелдік азаматтардың Қазақстанда визасыз болу мерзіміне қатысты бірқатар сауал келіп түсті. Оларды алаңдататыны – шетелдіктер үшін Қазақстанда визасыз мерзім уақытының азаюы. 

Бұл сауал бойынша мәліметті ҚР Сыртқы істер министрлігі консулдық қызмет департаменті мен Ішкі істер министрлігінен анықтадық. 

Екі ведомство да шетелдіктердің Қазақстанда визасыз жүру мерзімі өзгермегенін жеткізді. Яғни, пандемияға дейінгі тәртіп сақталады. Оның ішінде Моңғолия да бар (сауал жолдаған оқырмандар үшін). Осы орайда Қазақстанда болу тәртібін тағы бір мәрте еске салуды жөн көрдік. 

Шетел азаматтарының визалық режимі

Қазақстанда шетел азаматтары үшін визалық режим келген еліне қарай сараланады. Мысалы, еліміздің шекарасына Албания, Алжир, Андорра, Ангола, Антигуа және Барбуда елдерінің азаматтары тек визамен ғана кіре алады. Ал Аустралия, Аустрия, Бахрейн, Ұлыбритания және Мажарстаннан келген азаматтар 30 күнге дейін визасыз жүреді. 

Қазақстанда 90 күнге дейін визасыз жүре алатын елдер құрамына Моңғолия, Әзербайжан, Ватикан, Германия, Испания, Түркия, Қырғызстан, Корея елдері кіреді. Яғни, мерзім осы уақыттан асқан жағдайда азаматтар виза рәсімдеуі немесе елден шығуы керек. 

ҚР визасы – осыған уәкілеттік берілген Қазақстанның мемлекеттік органдарының көшіп-қонушының паспортындағы немесе оны ауыстыратын құжатындағы белгісі не осыған уәкілеттік берілген Қазақстанның мемлекеттік органдарының ақпараттық жүйедегі белгісі, ол визада белгіленген уақытқа, мақсаттарда және шарттармен Қазақстан аумағына келуге, оның аумағы арқылы өтуге, онда болуға және Қазақстанның аумағынан кетуге құқық береді.

Электрондық виза (іскерлік, туристік және емделуге) ІІМ Көші-қон қызметі бөлімшелерінде белгіленген тәртіппен Қазақстан тарапының қолданыстағы шақыруы негізінде ресімделеді.

Шетелдіктер жарамды электрондық визамен тек Қазақстанның халықаралық әуежайлардағы бақылау пункттері арқылы Қазақстан Республикасының аумағына келеді және кетеді.

Электрондық визалар 109 мемлекеттің азаматтарына ресімделеді.

Электрондық виза тек виза алушы үшін қолданылады және еріп жүретін адамдарға қолданылмайды.

Оны Қазақстан Республикасының визалық - көші-қон порталы арқылы жүзеге асыруға болады. 

Визаның мақсаты

Виза алудың қызмет бойынша 8 түрі бар. Оларға дипломатиялық виза (А1, А2), Қызметтік виза (А3, А4), Инвесторлық виза (А5), Іскерлік виза (В1, В2, В3), Халықаралық автомобильмен жүк тасымалдауды жүзеге асыруға арналған виза (В4), Әуе, теңіз, өзен кемелері экипаждарының және пойыз бригадалары мүшелеріне арналған виза (В5), Діни шараларға қатысуға арналған виза (В6), Оқу практикасынан немесе тағылымдамадан өтуге арналған виза (В7) жатады. 

Қазақстанда тұрақты тұруға арналған виза (В8) тұрақты тұруға рұқсатты ресімдеу үшін жіберілген адамдарға, елімізде тұрақты тұру мақсатында жіберілген адамдарға беріледі.

Қазақстанда ратификациялаған визасыз келу тәртібі туралы халықаралық шарттары бар елдерден Қазақстанда жүрген, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 21 қаңтардағы № 148 қаулысымен бекітілген Көшіп келушілердің Қазақстанға келуінің және онда болуының, сондай-ақ олардың кетуінің қағидаларының 17-тармағында көзделген мемлекеттердің азаматтары, және Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат алу үшін ішкі істер органдарына жүгінген адамдарға беріледі. Бір мәртелік және көп мәртелік визалар 90 тәулікке дейінгі мерзімге беріледі.

Ықтиярхаттың күші

Қазақстанда тұрақты тұруын растайтын құжат – бұл тұру ықтиярхаты. Тұру ықтиярхатын алу үшін тұрақты тұруға рұқсат алу қажет. Рұқсат аумақтық полиция департаметтерінде беріледі. Қазақстанға келушілерге және тұру ықтиярхатын алуға тілек білдірушілерге қойылатын негізгі талап олардың төлем қабілеттілігінің дәлелі.

Рұқсатты ресімдеу үшін не қажет?

Қазақстанда тұрақты тұру визасымен уақытша болатын не кірудің, болудың визасыз тәртібі туралы келісім жасасқан мемлекеттерден келген шетелдіктер сондай-ақ өздеріне берілген визаның санатына қарамастан, этникалық қазақтар Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат алу үшін ішкі істер органдарына жүгінеді. Сондай-ақ Ішкі істер министрінің 2020 жылғы 31 наурыздағы № 275 бұйрығымен бекітілген тізбе бойынша құжаттар ұсыну қажет. 

Тұру ықтиярхатын рәсімдеу үшін не қажет?

Ыхтиярхат шетелдіктердің тұру, рәсімдеу жұмыстарына сәйкес тұру ықтиярхаты 10 жыл мерзімге, шетелдіктің азаматтығы бар елдің паспортының қолданылу мерзіміне беріледі. ҚР тұру құқығының қолданылу мерзімін ұзарту немесе жаңа үлгідегі құжатты беру туралы өтінішті шетелдіктер мерзімі аяқталардан 1 ай бұрын, ал жоғалтқан жағдайда үш тәуліктен кешіктірмей тұрғылықты жері бойынша ішкі істер органдарына тапсыруы тиіс.

Осы орайда Қазақстаннан Моңғолияға баратын этникалық қазақтар үшін Моңғолия Баян-Өлгий аймағының көші-қон басқармасына ол жаққа барған адамдарды тіркеу мәселесі қалай жүретінін сұраған едік.

Басқарма басшысының айтуына қарағанда, ол жақта да тіркеу, уақытша тұру мерзімі ешқандай өзгермегенін айтты.

Пандемияға дейін қалай болды, сол қалпы, ештеңе өзгерген жоқ. Визасыз 90 күн жүре алады. Бірақ шекарадан өткеннен кейін, яғни Моңғолия аумағына кірген соң, 48 сағатттың ішінде тіркелуге міндетті – деді басқарма басшысы.

Өзгелердің жаңалығы