Шет елдерден келген қандастар Бурабайда бас қосты

18 Шілде 2023, 21:45
847
Бөлісу:
Шет елдерден келген қандастар Бурабайда бас қосты
Фото: IQanat қоры

Дүние жүзінің 8 елінен келген 176 этникалық қазақтың басын қосқан IQanat қоры «Отандастар» КЕАҚ-пен бірге бірлесіп, «Жас қазақ» жазғы оқу лагерін өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

1-14 шілде аралығында Бурабай қаласындағы IQanat орта мектебінде бірегей білім беру лагері өтті. Бұл жиын «Отандастар» қоры ұйымдастырған түрлі саладағы байқаулардың жеңімпаз балаларының басын қосты.

Лагерь бағдарламасының мақсаты - балалардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру және академиялық пен шығармашылық дағдыларды дамыту. Ол үшін үйірмелер мен секциялар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, ұлттық қолөнер, ағаш өндеу, қазақ биі, актерлік шеберлік, садақ ату, керамика, эбру, қазақ әндері, волейбол, футбол және қазақ күресі.

Балаларға кешкі уақытта Щучье көлінің маңында велосипед тебу және треккинг ұйымдастырылды. Бурабай ұлттық саябағына экскурсиялар, бағдарлау бойынша жарыстар мен танысуға ықпал ететін түрлі іс-шаралар және тимбилдинг өткізілді, - делінген қордың баспасөз хабарламасында.

Шет елдерден келген қандастар Бурабайда бас қосты

Екі апта бойы 8 орда (студенттер қауымы) үздік атағын сарапқа салды. Ордалары түрлі байқауларда, соның ішінде Хор додасы (Қазақ патриоттық ән байқауы), командалық спорт түрлерінен Спартакиада, бейнероликтер байқауы «Дәлме-дәл» және бағдарлау бойынша жарыстар. Көк орда лайықты жеңіп алып, «Отандастар» қоры атынан медальдармен марапатталды.

Қазақстан тарихы мен қазақ тілі бойынша академиялық сабақтар қатысушылардың оқу, жазу, ана тілінде сөйлеу, сонымен қатар қазақтардың мәдениеті мен тұрмысының ерекшеліктерін білу және де ең бастысы, тарихи Отаны туралы білімдерін тереңдей түсуге ықпал етті. Мұғалімдер оқытудың интерактивті әдістерін белсенді түрде қолданды, бұл сабақтары қызықты және танымды жасады.

Шет елдерден келген қандастар Бурабайда бас қосты

Лагерь қатысушылары алған әсерлерін бөлісті.

Осында біз қазақтың салт-дәстүрімен, қазақ күресі мен ана тілімен таныстық. Сондай-ақ жаңа достар таптық, біз бір-бірімізді ешқашан ұмытпаймыз. 14 күнде қызықты және ұмытылмас сәттер болды, - деді Иран елінен келген Павиз Пуя.

АҚШ-тан келген Аят Давлетияров та өз сезімін айтты.

Бұл менің тарихи туған жерге бірінші рет келуім. Осы 14 күн ішінде мен қазақ тілінің көптеген жаңа сөздері мен ережелерін білдім. Сөйлемді қалай бастау керектігін үйрендім және сөздік қорым жетілді. Ең бастысы қазақ тілімді жетілдірдім. Мүмкіндік болса, мен міндетті түрде Қазақстанға қайта келемін, - деп айтты ол.

Моңғолиядан келген Сержан Ташкентқызы өзіне лагерьде не қызықты болғанын айтты.

Мен достықтың, сыйластықтың қадірін осы жерден білдім. Әсіресе алыс жерде тұрғанда, ұлтқа және этникалық отаныңыздың құндылығын түсінемін. Тарих пәнінен өткен сабақтар өте қызықты болды, менің ойымша, әрбір бала өзінен жаңа бір нәрсені аша алды, - деді қандасымыз.

Өзгелердің жаңалығы