Шет ауданында 20-дан астам медициналық мекеме салынады

21 Желтоқсан 2022, 14:00
1428
Бөлісу:
Шет ауданында 20-дан астам медициналық мекеме салынады

Шет ауданында "Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасы бойынша екі жыл ішінде он бір фельдшерлік-акушерлік және он медициналық пункт салынады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Сонымен қатар, Ағадырда жергілікті аурухана ретке келтірілуде. Ол ауылдың 15 мыңнан астам тұрғынына және жақын маңдағы ауылдарға қызмет көрсетеді.

Медициналық мекеме күрделі жөндеуден өтуде. Жұмыстар стационарлық блоктан басталды, жылу трассасы, шатыр толығымен ауыстырылды, барлық сыртқы әрлеу жұмыстары аяқталды.

Нысанда Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев болып қайтты.

Қазір ішкі әрлеу жұмыстары жүріп жатыр. Жаңа жылға дейін біз стационарлық блокты пайдалануға береміз. Екі емхана блогы қалады. Бүгінгі таңда жұмыс 95%-ға аяқталды. Медициналық мекемеде барлығы 18 дәрігер жұмыс істейді, оның ішінде 5 жалпы тәжірибе дәрігерлері және 13 бейінді маман және 83 орта медициналық қызметкер. Кадрларға қажеттілік бар. Жалпы тәжірибелік дәрігерлер, анестезиолог, хирург қажет, – дейді Шет ауданының орталық аудандық ауруханасының директоры Алпыс Аманжолов. 

Сондай-ақ, өңір басшысы Шет ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласының дамуымен танысты.

Ермағанбет Бөлекпаев аудан әкімі Мұхит Мұхтаровтың есебін тыңдап, халықпен кездесу өткізді.

"Ауыл – Ел бесігі" жобасы аясында Ақжал кентінің 15 көшесіне жөндеу жұмыстары жүргізілді. Олар толығымен асфальтталған. Бұрмада су құбыры салынды. Құбырлар 274 тұрғын үйге дейін жүргізілді. Қосылу көктемге жоспарланған. Сондай-ақ, аудандық бюджет есебінен Нұраталды, Үңірек және Ақшатау ауылдарында ұңғымаларды бұрғылауға және Кеншоқы, Тағылы, Дария, Красная Поляна және Батық ауылдық округтерінде су құбырларын жөндеуге қаражат бөлінді. Жарықтандыру сегіз елді мекенде жүргізілді, 263 жарықтандыру тірегі орнатылды, – деді Мұхит Мұхтаров. 

Сонымен қатар, жалпы ұзындығы 47 шақырым болатын сегіз елді мекеннің орамішілік жолдары және аудандық маңызы бар жолдар жөнделді.

Шет ауданында тұрғындарды бұқаралық спортқа тартуға көп көңіл бөлінеді. Биыл Ақсу-Аюлы, Ағадыр және Мойынтыда салынатын дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің болашақ ғимараттарының жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеуге мердігерлер анықталды.

Үш білім беру нысаны жөнделді. Алдағы екі жылда республикалық "Жайлы мектеп" жобасы бойынша С.Сейфуллин атындағы ауылда және аудан орталығында тиісінше 200 және 300 орындық екі мектеп салынады.

Шет ауданының тұрғындарымен кездесу "Ашық микрофон" түрінде өтті. Тұрғындар көкейлеріндегі өзекті сұрақтарын қоя алды.

Ауыл тұрғындары қардың уақтылы жинамалмауына, электр қуатымен жабдықтаудың үзілуіне, орталықтандырылған сумен жабдықтаудың жоқтығына, тұрмыстық газдың қымбаттауына және учаскелік полиция инспекторларының жетіспеушілігіне шағымданды.

Тұрғындардың барлық сұрақтары назарға алынды.  

Кездесу соңында азаматтарды жеке мәселе бойынша қабылдау өтті.

Өзгелердің жаңалығы