Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Қазақ ойшылдары өзгелерге асыл сөз арқылы ықпал еткен. «Бабалар сөзі» кітабының 100 том болып басылып шығуы бекер емес. Бұл туралы Жамбыл облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев айтты.
Ш.Мұртаза атындағы облыстық «Руханият және тарихтану» орталығында өткен «Шешендік өнер – асыл қазына» атты дөңгөлек үстелде ол сөздің бағасын білген қазақ халқында шешендік өнердің орны бөлек екеніне тоқталды.
Майқы бидің: «Естіге айтқан тура сөз шыңға біткен нумен тең, ессізге айтқан тура сөз құмға сіңген сумен тең» дегенінің терең мәні бар. Қазіргі таңда билік пен халық арасын жақындатуда, әсіресе, жастарды рухани дамытуда сөз көркемдігі ерекше рөл атқарады, - деді Еркінбек Солтыбаев.
Жамбыл облыстық Билер кеңесінің төрағасы Оңласын Есіркепов шешендік сөздердің түрлері мен формалары жайында әңгімелеп, Кеңес үкіметі дәуірінде көрнекті жазушы Мұхтар Әуезовтің, Тәуелсіздік жылдарында Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың, белгілі қаламгер Әбіш Кекілбайдың халық мүддесін қорғаудағы шешендігіне, даналығына, керек жерде кесіп айтқан, мәселені шешіп айтқан кесімді ойларына назар аударды.
Ғабит Мүсіреповтің көсем сөздерін оқи отырып түйгеніміз, шешіле сөйлеген шешендігі, терең ойшылдығы, тың тіркестер, жаңа бейнелер жасаған зергерлігі еді. Саяси әлеуметтік тақырыптарда толғана жазған шешендердің, яғни қаламгерлер мен саясаткерлердің қатарына Шерхан Мұртазаны, Салық Зимановты, Әзілхан Нұршайықовты, Тұрсын Жұртбайды, Қайнар Олжайды, Мұхтар Құл-Мұхамедті, Қойшығара Салғараны, Арғынбай Бекбосынды, Жандар Кәрібаевты, Әлмұхан Исақты емін-еркін қосуға болады, - деп тұжырым жасап, ой түйді О.Есіркепов.Жиында тарихшы, Ш.Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығының директоры Сауран Қалиевтің айтуынша, қазақтың шешендік өнерін алғаш рет ғалым Шоқан Уәлиханов пен Түркістан археологиялық әуесқойлар клубының мамандары зерттеген.
Біздің шешендік өнеріміз, айтқыштығымыз түбі бір түркі жұрты – түрік ғалымдарын да қызықтырғанын біреу білсе, біреу білмейді. Мен қазіргі таңда ел алдында табан астынан мәні мен маңызы терең өлең құрап айтып жүрген айтыскерлерді, жазба ақындар мен жазушыларды да шешендер қатарына қосамын. Сондай-ақ, қазақтың шешендік өнерін зерттеуді Кеңес дәуіріне дейінгі, Кеңес дәуіріндегі және Тәуелсіздік жылдардағы деп үш кезеңге бөліп қарастыру қажет білемін. Сонымен қатар мұны жоғары, арнаулы оқу орындарында пән ретінде сапалы деңгейде оқыту жайын қолға алатын уақыт жетті, - деп ойымен бөлісті тарихшы.
Қазақстанның Құрметті журналисі, Жамбыл облыстық «Ғұмыр-дария» газетінің директор-бас редакторы Жаңабай Миллионов қазіргі күннің шешені қандай болуы керектігі, оның көпшілікке пайдасы қалай тиюі қажеттігі жөнінде әңгімеледі.
Академик Зейнолла Қабдолов сөйлегенде оның әлемін бірге сапарлап жүргендей сезінуші едік. Сексеннен асқан ардақты ақсақалымыз Мырзатай Жолдасбековтың, әйгілі композитор, музыка зерттеушісі Илья Жақановтың әңгімелерін рахаттанып тыңдайсың ғой. Әрине, елдің бәрін солардай сөйлемедің деп жазғыру дұрыс емес екені түсінікті. Бірақ көпшіліктің алдына шыққан адам тегін азамат емес. Сөздің салмағы мен жауапкершілігін сезінгені жөн, - деді ардагер-журналист.
Жамбыл облыстық Билер кеңесінің мүшесі Талғат Жұмабек бұрынырақта ғұмыр кешкен Шағырай шешеннің «Өзін ғана ойлаған, жамандықтың белгісі, өзгені де ойлаған, адамдықтың белгісі» деген сөзінен ой сабақтады.
Әдетте, шешендік өнер айтыс, даулардан туып, дамиды. Шешендіктің ерен үлгісі көбінесе мемлекет қайраткерлерінен, халық сенімін ақтаған ақсақалдар мен беделді азаматтардан шығатыны кездейсоқтық емес. Мәселен, ежелгі Афины шешені Демосфен, Рим шешені Цицерон әуелі адвокат, кейін Парламент басшылары болған. Сол секілді, алдымен шешендікпен танылған Төле, Әйтеке, Қазыбек бабаларымыз кейіннен елдік маңызы бар дауларды шешетін билерге айналған. «Ұшарымды жел біледі, қонарымды сай біледі. Соны сұратқан хан ақымақ па, сұрай келген сен ақымақ па?» деп қаңбақ шөптің атынан ханға сөзін айтқан Жиреншенің жауабы – тапқырлықтың тамаша үлгісі, - деді қария.
Аймақтағы Мойынқұм аудандық билер кеңесінің мүшесі Шакизат Әкімов Қылышбай шешеннің шығыс классиктерінен терең сусындағаны жайлы сыр шертті. Ол Қылышбайдың «Адам көшкен керуен, құрамыз аз күн серуен. Керуендей көш тартып, асамыз бір күн белінен. Адал жүріп тірлікте, айырылмайық сенімнен» деген өлең жолдарын көпшілік назарына ұсынды.
Сол заманда Сәрсенбек деген бай ауылға тиесілі құдықты бір өзі иемденіп, қарапайым жұртқа зорлық көрсетіпті. Жәбір көрген адамдар Қылышбайға шағымданады. Қылышбай оны ақылмен шешіпті. Сәрсенбек келеді-ау деген уақытта құдықтың түбіне бір жігітті түсіріп, бай қауғасын салған уақытта қауғаны тартып жібермей, байдың зәресін алады. Шошып кеткен әлгі бай далба-дұлбасы шығып, Қылышбайға келіп оқиғаны баяндайды. Қылышекең сонда: «Байеке, бұл құдықтың зорлық жасаған адамға су бермейтін қасиеті бар. Бір малыңызды құдайы жасап, басқа құдыққа көшіңіз» деп кеңес береді. Сәрсенбек бай дереу бір биесін сойып, құдайы беріп, ауыл адамдары бір тойыпты. Бай басқа құдыққа көшіп, жайылым да, құдық та ауыл адамдарының иелігінде қалыпты, - деп шешеннің тапқырлығын жан-жақты түсіндірді ол.
Дөңгөлек үстел жиынын Еркінбек Солтыбаев қорытындылап, шешендік өнерді қазіргі таңда Тәуелсіз еліміздің дамуына, көпшілікке рухани нәр беруге пайдалану туралы ойын айтып, сөз бостандығы деп жап-жас блогерлер өмір тауқыметін көрген, аштық пен соғыс жылдарын бастан кешкен ақсақалдарды кей жағдайда тілдеп, әлеуметтік желіде ар-намысына тиіп жататынына алаңдаушылық білдірді.