Маңғыстау облысында екпе алғандар саны 20 мыңнан асты

27 Сәуір 2021, 13:43
1623
Бөлісу:
Маңғыстау облысында екпе алғандар саны 20 мыңнан асты
PHOTO
Фото: автордан

Ақтау, BAQ.KZ тілшісі. Аймақтық Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, облыс көлемінде 32 егу кабинеті пен 5 жылжымалы вакциналау пункті жұмыс істеп тұр. Оның бірін 15-шағын аудандағы теңіз жағалауынан көруге болады.

Жылжымалы медициналық көлік қала жағажайында өткен жұма пайда болды. Онда кез келген адамға вакцина тегін түрде салынады. Жеке куәлігін көрсетсе - болғаны.

Дәрігерлер алдымен әр адамның денсаулығын тексеріп, дене қызуын өлшеп алады. Бұдан соң Қарағанды облысында өндірілген «Спутник V» препаратының І компонентін салады. Арада 21 күн өткен соң егу кабинетіне келіп, ІІ компонентін алу қажеттігі ескертіледі.

Біз осы алғашқы екі тәуліктің өзінде 130 адам екпе алғанын айта аламыз. Теңіз жағалауында қойылған жылжымалы вакциналау кешені кешкі сағат 17.00-ден бастап түнгі 12-ге дейін ашық тұрады. Өз кезегінде, ораза ұстап жүрген адамдар үшін ыңғайлы. Ендігі жоспарымыз – осындай арнайы мақсаттағы көліктерді Ақтаудан алыс ауылдық жерлерге жіберу. Ол жерде жергілікті тұрғындардың денсаулығы тексеріледі. Оның үстіне өз еркімен вакцина салынады, - дейді терапевт-дәрігер Қалима Қаскенова.
 

Шалғай Маңғыстау өңірі 20 сәуірде «қызыл аймаққа» енгені мәлім. Осыған сәйкес аймақта екпе салдырушылар саны күрт артқаны байқалады.

Өз басым достарымның осы вакцинаны алып жатқанын көріп жүрмін. Үнемі қозғалыста, адамдармен арақатыныста жүретін болғасын денсаулығымды сақтандырайын деп алып жатырмын осы екпені. «Сақтансаң сақтармын» демекші, барлық жерлестерімді вакцина алуға шақырамын, - деді Бибігүл Рамазанова есімді кәсіпкер әйел.

Жоғарыда аталғандай, Маңғыстау облысында 32 егу кабинеті аудан-қалалық емханаларда жұмыс істеп тұр. Әрқайсында ұзын-сонар кісі кезегі болатын күндер де кездесіп тұрады. Ақ халаттылар сәуірге дейін күніне әрі кеткен 50-60 адам келетін еді дейді. Қазір тәулігіне 150-180 тұрғынға дейін келіп, екпе салдырып жатыр.

Жергілікті Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі тек өткен аптада 440 адамның ресейлік вакцинаның І компонентімен егілгенін хабарлап отыр.

Атап айтсақ, «Нейрон» медициналық клиникасында 35, Мұнайлы орталық аудандық ауруханасында 85, Маңғыстау аудандық орталық ауруханасында 10, Түпқараған орталық аудандық ауруханасында 10, Ақтау қалалық №1 емханада 50, Ақтау қалалық №2 емханада 170, Жаңаөзен қалалық №2 және №3 емханаларында 55, «Медикер Каспий» клиникасында 25 азаматқа екпе салынған.

Ал осы вакцинаның ІІ компонентімен барлығы 240 адам егілді. Оның ішінде «Нейрон» медициналық клиникасында 50, Мұнайлы орталық аудандық ауруханасында 15, Түпқараған орталық аудандық ауруханасында 15, Ақтау қалалық №1 емханасында 75, Ақтау қалалық №2 емханада 30, Маңғыстау аудандық орталық ауруханасында 30, Бейнеу аудандық орталық ауруханасында 25 адамға вакцина салынған.

Осылайша, облыс бойынша вакцинациялау басталғалы І компонентпен егілгендердің жалпы саны 19 517 адамды, ал ІІ компонентпен егілген тұрғын саны 2947-ні құрап отыр.

Соңғы айлары бұл өңірге «Спутник V» вакцинасының 53 мың дозасы әкелінгені ресми айтылады. Таяу күндері отандық «QazVaq» препаратының 2 мың данасы келеді деп күтілуде.


Өзгелердің жаңалығы