Кей еркектің жұбайына меншігі секілді қарап, соққыға жығуының түпкі себебі қандай болуы мүмкін екенін психоаналитик Шолпан Мықтыбектен сұрадық, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Өкінішке қарай, қазақ қоғамында ер баланы қыз баладан жоғары қою деген нәрсе бар. Ал қыз бала бейсаналық тұрғыда туғаннан бастап бір кемістігі бар, бәрібір ұлға жете алмайды деп қабылданады. Қызға бес жасында іш киімсіз жүруге рұқсат етілмесе, “киіп ал, ұят болады” деп тыйып өсірсе, ал бес жастағы ер бала іш киімсіз жүрсе, әке-шешесі оны мақтан тұтады, - дейді маман.
Ол ер балаға шектен тыс еркіндік беріліп, қыз бала тыйыммен тәрбиеленетінін айтады.
Ер балаға өте көп нәрсе рұқсат етіледі. Әкесінің мойнына шығып алса да, төмпештеп жатса да, боқтап жатса да, неше түрлі олқы қылықтар жасап жатса да, ер балаға рұқсат етіледі. Ал қыз бала ондай нәрсе істесе, "Жоқ, сен қыз баласың, ұят болады, олай болмайды" дейді. Негізінде ер бала мен қыз баланың құқығы тең ғой. Сондықтан ұл балаға болатын нәрсе негізі қыз балаға да болады. Қыз балаға болмайтын нәрсе ұл балаға да болмайды, - деді психоаналитик.
Шолпан Мықтыбек ер балаға шекара қойылмағандықтан, ол бейсанасына "қыздан жоғарымын" дегенді сіңіріп өсетінін жеткізді.
Жалпы 1,5 жастан бастап біз балаға шекара қоя бастаймыз. Болады, болмайды деген нәрсені үйрете бастаймыз. Ал бізде, өкінішке қарай, 1,5 жастағы баланың тілі, қылығы тәтті деп ондай шекара қоймайды. Әсіресе ер балаға қойылмайды. Сондықтан ер балаға көп нәрсе рұқсат етілгендіктен де, ол "маған бәрі болады, мен қыз баладан жоғарымын" деген сеніммен өседі, - деді ол.
Психолог еркектің әйелге меншігі секілді қарауының тағы бір себебін айтты.
Отбасында мамасының өз өмірі болмаса, тек қана отбасым үшін деп өмір сүрген болса, мысалы, жұмыс істемеген болса, жұмыс істеген күннің өзінде де отбасы үшін жұмыс істесе, тек балаларым үшін ғана деп өмір сүретін болса, әрине, ондай кезде ұл бала отбасындағы қарым-қатынасты өзіне үлгі ретінде алады. "Осылай дұрыс екен, ер адам биік екен. Ер адамның әйелді қорлауға, масқаралауға хақысы бар екен. Себебі әйел адам меншік екен. Менің шешем меншік болды ғой әкеме" деген түсінік қалыптасады. Ол саналы түрде олай айтпаса да, бала бейсанасына бәрі жазыла береді, - деді Шолпан Мықтыбек.