Былтыр Талғардағы қайғылы оқиға кезінде айыпталушы Дарханға 1000 теңге аударған жасөспірім сотта жауап беріп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бекнұр Асқарбек 2008 жылы Алматы облысы Талғар ауданы Береке ауылында туған. Ол Талғардағы колледждің бірінші курс студенті. Оның анасының есімі – Айсұлу Қалтаева. Ол 1989 жылы туған.
Бекнұр Асқарбек кәмелетке толмаған жасөспірім болғандықтан, сотта жауап алынатын кезде оның анасы (заңды өкілі – ред.) сотта қасында болуған міндетті.
Сотта судья Ержан Жанұзақов куәгер Бекнұр Асқарбектен сотталушылар арасынан кімді танитынын сұрады.
Екеуін ғана танимын. Дархан мен Думанды танимын. Дархан – менің жездемнің көршісі. Сол арқылы танимын. Ал Думанмен бір мектепте оқығанбыз. Жәбірленушілерден ешкімді танымаймын, - деді ол.
Прокурор Бекнұр Асқарбектен 2024 жылы 3 қазан күнгі жағдайды баяндап беруін сұрады.
Маған 3 қазан күні кешкі 22.30-23.30 аралығында жездем хабарласып, "қазір саған Дархан аға хабарласады, сол кезде 1000 теңге салып жіберсең" деді. Бірнеше уақыт өткеннен кейін Дархан аға өзі маған қоңырау шалды. Нөмірді Whats’App арқылы жіберді. Сөйтіп сол нөмірге Kaspi арқылы 1000 теңге салып жібердім, - дейді куәгер.
Оның сөзінше, жездесінің Kaspi шоты істемей тұрғандықтан, оның ақшасы Бекнұрда болған. Сол себепті 1000 теңгені балдызына салып жібер деп айтқан.
Бекнұрда ол кезде Kaspi шот болмаған, қазір бар. Бірақ сол күндері апасының Kaspi шотын пайдаланып жүрген. Ақшаны сол шоттан аударып жіберген. Оның апасының аты-жөні – Қалтаева Светлана.
Дарханды қай уақыттан бері білесіз? Бұрындары да сізден осылай ақша сұрады ма? Қанша рет ақша аудардыңыз? – деп сұрады прокурор.
Бекнұр Асқарбек жақын таныстығы жоқ екенін, тек жездесімен жүргенде көріп тұратынын айтты.
(Ақша сұрағаны) есімде жоқ. Алдында тағы бір рет аударғанмын, - деп жауап берді ол.
Куәгер 3 қазан күні 1000 теңгені аударғаннан кейін түбіртекті Дарханның өзіне жіберген. Ол ақшаны нақты кімге аударғанын білмейтінін, бірақ дүкенге аударғаны жайлы қоса кетті.
"Қамажай" дүкенінде болған жағдай туралы дәл сол күні білмедім. Кейінірек естідім, - деді Бекнұр Асқарбек.
Еске сала кетейік, былтыр 3 қазан күні Талғардағы қайғылы оқиға кезінде жасөспірім Шерзат Болат кісі қолынан қаза тапты.