Шемонаихада салынып жатқан спорт нысаны 23 адамды жұмыспен қамтыды

31 Тамыз 2020, 12:28
1107
Бөлісу:
Шемонаихада салынып жатқан спорт нысаны 23 адамды жұмыспен қамтыды

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» шеңберінде облыстағы бірқатар спорт нысандары қайта жөнделіп, кейбіреулері жаңадан салынуда.

Осындай нысандардың бірі Шемонаиха ауданында бой көтеруде. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында бөлінген қаражатқа аудан орталығы Шемонаиха қаласында жаңадан денешынықтыру-сауықтыру кешенінің іргетасы қаланды. Жаңа нысанның болашақта ел игілігіне жарауымен қатар, оның құрылысы қазіргі уақытта бірқатар аудан тұрғындарын жұмыспен қамтуда.

Маусым айында жұмыс сұрап аудандық жұмыспен қамту орталығына «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында өтініш білдірген едім. Мені жұмысқа қабылдап, өз мамандығым бойынша жұмыс тауып берді. Бүгінде өзімнің қол еңбегім тиіп жатқан нысанның тағы бір жақсы жағы – онда болашақта өз балаларымның спортпен айналысатыны. Демек, бұл мен жалақы алу үшін ғана емес, сондай-ақ болашақ ұрпағымыздың болашағы үшін де еңбек етіп жатырмын деген сөз, - дейді спорт кешенінің құрылысында дәнекерлеуші болып жұмыс істейтін Евгений Михальченко.

Бүгінде аталмыш нысанның іргетасын қалау және астына шұңқыр қазу жұмыстары аяқталған. Қазіргі уақытта ғимараттың колонналары орнатылып, дәнекерлеу жұмыстары басталған. Сонан соң шатыры орнатылып, ғимарат сырты сэндвич-тақталармен қапталатын болады.

Ауданымызда осындай алып спорт ғимаратының салынып жатқандығы көңілімізге қуаныш ұялатады. Көптен күткен заманауи, әрі құрал-жабдықтары түгел спорт кешенінің салынуы аудандағы халықтың кәрі-жасының спортқа деген қызығушылығын одан әрі арттырады деп ойлаймын, - дейді биатлоннан спорт шебері болып келетін Ирина Шаяхмет.

Қоса кетсек, нысан құрылысына жалпы саны 23 адам жұмылдырылған. Ал құрылыс жұмыстары толығымен қараша айына қарай аяқталып, ғимарат қолданысқа беріледі деп жоспарланған.

 


Өзгелердің жаңалығы