Шекараны мал бағумен бүркемелеген: Жамбылда шетелдіктерді заңсыз өткізген топ ұсталды
Шекараны мал бағумен бүркемелеген: Жамбылда шетелдіктерді заңсыз өткізген топ ұсталды
Жамбылда шетелдіктерді шекарадан жасырын өткізген топ ұсталды. Олар әрекетін мал бағумен бүркемелеген. Қылмыстық схема қалай жұмыс істеді? Тергеу не дейді?
Жамбыл облысында заңсыз көші-қон арнасын ұйымдастырды деген күдікпен қылмыстық топ ұсталды. Күдіктілер шетел азаматтарын шекарадан өткізуді мал жаюмен бүркемелеген. Тергеу жүріп жатыр.
Жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Жамбыл облысы Полиция департаменті Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері ҰҚК Шекара қызметінің жедел бөлімшелерімен бірлесіп, прокуратураның үйлестіруімен Жамбыл облысы аумағында заңсыз көші-қон арнасын ұйымдастырды деген күдікпен Алматы облысы мен Меркі ауданының тұрғындарын ұстады.
Тінту барысында олардан шетел азаматтарының фотосуреттері, төлқұжаттары, ұялы телефондар, банк карталары, сондай-ақ 1 миллион теңгеден астам қаражат тәркіленді. Сондай-ақ ұсталғандардың Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын заңсыз кесіп өтуге жәрдем көрсеткен көрші елдің азаматтары анықталды, - деп хабарлады облыстық Полиция департаменті.
Қылмыстық топ мүшелері алдын ала сөз байласу арқылы және өздерінің заңсыз әрекеттерін ауыл шаруашылығы жануарларын жаюмен бүркемелеп, шетел азаматтарын мемлекеттік шекара арқылы заңсыз өткізуді ұйымдастырған.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 394-бабының 2-бөлігімен (заңсыз көші-қонды ұйымдастыру) сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта тергеу әрекеттері жүргізілуде.