Шекарадағы заңсыз сауда айналымына қалай тосқауыл қойылады?

9 Ақпан 2021, 09:48
1176
Бөлісу:
Шекарадағы заңсыз сауда айналымына қалай тосқауыл қойылады?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Үкіметтің онлайн отырысында ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Президент тапсырмасы бойынша трансшекаралық сауданы бақылау мақсатында кешенді жоспар әзірленетінін айтты.

Мемлекет басшысының трансшекаралық сауданы бақылауды күшейту жөніндегі тапсырмасына сәйкес Шекарадағы заңсыз сауда айналымына қарсы іс-қимыл жөніндегі кешенді жоспар әзірленеді. Жалған алушылардың атына тауарлардың жалған транзитін және жеткізілуін болдырмау мақсатында автокөлік құралдарына навигациялық пломбаларды қолдану кеңейтіледі, - деді министр онлайн отырыста.

Оның айтуынша, салықты төлеудің толықтығы үшін тауарларға арналған электрондық ілеспе жүкқұжаттарын рәсімдеу жолымен импорттан бастап бөлшек саудаға өткізуге дейінгі барлық тізбек бойынша бақылау енгізіледі.

Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің уәкілетті органдарымен тауарлардың саны мен құны туралы ақпарат алмасу қамтамасыз етіледі, - деп түсіндірді Жамаубаев.

Сондай-ақ, министр алкоголь өнімдерін цифрлық таңбалау бойынша пилоттық жоба аяқталған соң жүзеге асырылатынын жеткізді.

Айта кетейік, Үкіметтің кезекті онлайн отырысында Қаржы министрі салықтық және кедендік әкімшілендіру мәселелері бойынша жасалып жатқан жұмыстары туралы баяндады.

Өзгелердің жаңалығы